«Жылда біреудің аяғын, біреудің бас сүйегін тауып аламыз» - ауыл тұрғындары

Биылғы көктемді Целиноград ауданына қарасты Рақымжан Қошқарбаев тұрғындары үреймен күтіп отыр.

Ақпан 16, 2024 - 12:21
Ақпан 16, 2024 - 12:24
«Жылда біреудің аяғын, біреудің бас сүйегін тауып аламыз» - ауыл тұрғындары
massaget.kz

Биылғы көктемді Целиноград ауданына қарасты Рақымжан Қошқарбаев тұрғындары үреймен күтіп отыр. Омбы қардың құшағында қалған ауыл елдің іргесіндегі бейітті көктемде тұтастай су шайып ата-бабаларының сүйегі Нұра өзеніне ағып кете ме деп қауіптенеді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Елордадан таяқ тастам ғана қашықтықтағы алақандай ғана ауылдың іргесінде құм мен қиыршық тас үздіксіз қазылып, толассыз тасып жатқандықтан Нұра өзенінің арнасы бұзылып жыл сайын көктемде бейітті су шайып кетеді. Тұрғындар бейіттің жартысына жуығындағы мазарлардың бұзылып, мәйіттердің сүйегін су түбінен жиғанын, қалғаны өзенге ағып кеткенін айтып зар илеп отыр. Жергілікті жұртшылықтың айтуынша бейітте өткен жылдары сонау 1680 жылдарда қаза болған ата-баба бейіттері ағып кеткен. Қазіргі уақытта 1800 жылдардағы бейіттер мен тоқсаныншы жылдары қаза болған жандардың да зираттар да құлаудың алдында тұр. 12 жылдан бері ауылдың жанындағы өзен жағасынан қайтыс болған адамдардың сүйектерін теріп алып қорықса да қайта жерлеп жүрген тұрғындар өзен арнасын бұруға биліктен еш рұқсат ала алмай отырғанын айтады.

"Сонау үш ғасырдан бері қайтыс болған адамдар жерленген бейіттің қазір жартысына жуығын су шайып, бейіттер құлап адамдардың сүйегі еріген қармен бірге өзенге ағып кетеді. Тапқанымызды жинап құран оқытып қайта көмген боламыз. Біреудің аяғы, біреудің басы шығып жатады. Кімдікі екенін де білмейміз. Бейітте сонау ғасырлар бұрын қайтыс болған адамдардың зираттары құлап, сүйектері Нұра өзеніне ағып кеткен. Тіпті сонау 1680 жылы қойылған бейіт те болған. Су оны да шайып кетті. Қазір 1800 жылдардағы тіпті бертінгі тоқсаныншы жылдардағы зираттар да құлауға таяп қалған. Қазір үлкен бейіттің 10-15 метрі жоқ. Қойылған тастары құлап, су ағызған құммен бірге ағып кеткен. Ал биылғы қар аса қалың. Тіпті бейіт түгелдей суға кете ме деп қорқып отырмыз. Жергілікті аудандық, облыстық әкімдіктерге өзен арнасын бұруға рұқсат беруін сұрап талай мәрте хат жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Карьерлерден тас өндіретін фирмалар өзен арнасын бұрып беруге әзір. Бірақ аудан әкімдігі рұқсат бермейді. Былтыр тіпті 3-4 шаруашылықпен келісіп күзде іске кіріскен. Әкімдік полиция жіберіп жұмыс істетпей, өзен арнасын бұруға рұқсат бермей қойыпты", - дейді Рақымжан Қошқарбаев ауылының тұрғыны Бақыт Қырғызбаева. 

Жетпістен асқан зейнеткер сонау 2017 жылдан бері осы мәселені көтеріп бармаған жер баспаған тауы қалмаған. Округ және аудан әкімдерінен бастап, бұрынғы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың жеке қабылдауында да болған. "AMANAT" партиясында, экология департаментіне, тіпті осыған дейінгі Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың да қабылдауына кіргенін бірақ барлық мемлекеттік органдар мен құзырлы ведомстволардың құрғақ уәдеден әріге аса алмағанын ашына жеткізді. 

"Сол кездегі облыс әкімі Ермек Маржықпаев 2022 жылы Целиноград ауданы әкімдігіне "Биылдан қалдырмай бейіт мәселесін шешіңдер!" деп тапсырған еді. Бірақ содан бері міне екі жыл өтті. Барлық ата-бабаларымыз, туған-туыстарымыз жатқан бейіт көз алдымызда құлап, адамның сүйектері суға кетіп жатыр. Жүрегің ауырып, жанымызды қоярға жер таппаймыз. Үкімет басшысы Әлихан Смайловқа барғанда көмекшісі ме білмедім Бахтияр Мейрамұлы ма әлде Мейрамбекұлы ма "көмектесеміз" деп уәдесін үйіп-төгіп одан кейін тіпті телефонын да көтермей қойды. Ал биылғы қар бейіттің жиегіндегі жарқабақпен бірдей болып жан-жағын қалың қар басып қалыпты. Зираттар толықтай қардың астында жатыр. Көктем шыға бейіт толықтай суға кетіп, ата-бабамыздың сүйектері суға кете ме деп қауіптенеміз. Бізге ешқандай ақша да, басқасы да керегі жоқ. Тек өзен арнасын бұруға рұқсатын берсе болар еді. Өзіміз барып шаруашылықтармен келісіп өзеннің арнасын бұрғызар едік. Қайтыс болған күйеуім бейітке шешек, оба сияқты түрлі аса жұқпалы аурулармен науқастанған адамдардың да жерленгенін айтатын. Сондықтан егер дереу әрекет етпесе Нұра өзенінде су арқылы адамдарға жұқпалы дерттің таралу қаупі аса жоғары болатыны кәдік", – дейді Бақыт Қырғызбаева. 

Өте қорқынышты әрі сұмдық жағдай болғанымен бұл бүгінгі көзімізбен көріп отырған көрініс. Адам сүйектерінің қаншасы өзен арнасына кеткені белгісіз. Су шайып құлаған бейіттерден адамның сүйектері сонау 2012 жылдан бастап табыла бастапты. Адамның сүйектері арықтармен Нұра өзеніне дейін ағып кетіп, кейбірі жолшыбай топырақ арасында қалып қойған. Тұрғындар бейітті алғаш су шаюы өзеннің жағасында біреулердің жағажай жасамақ болып талдар мен ағаштарды балталап шауып тастағанынан басталғанын жеткізді.

"Өзеннің жанында әжептәуір қалқан болған талдар өсіп тұратын. Біреулер жағажай салмақ болып бүкіл тал-ағаштардың бірін қалдырмай балталап жүріп құртты. Жағажай жалаңаштанып жанындағы құмды қиыршықтар біртіндеп құлап шайыла бастады. Күні бүгінге дейін адам сүйектерін қаппен жинап бейітке қайта апарып көмеміз. Бірде аяқ, бірде қол, біресе бас сүйектері шашылып жатады. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Журналистерді, әкімдіктері түрлі комиссияларды да шақырды. Бірақ жыл сайын бірнеше метрден бейіт біртіндеп суға кетіп жатыр. Жақында қазіргі облыс әкімі Марат Ахметжановқа жазылғанмын. Телефонмен хабарласқан адам 15 ақпанда Zoom арқылы әкіммен қосылатынымызды айтқан. Бірақ күні бүгінге дейін ешқандай хабар-ошар да, жауап та жоқ. Жазған хатыма "жұмысқа алынды" деген бір ауыз сөзі бар жауап қана келді. Тіпті кейбір шен-шекпенділер жазған арыз-шағымдарымыз үшін ұрсатын да болды. Бізге бейітті жермен-жексен етіп тегістеп тынышталуымызға кеңес берді. Бұдан өткен сұмдық бар ма? Біз мұсылманшылықтан жұрдай болып барамыз", - дейді ашынған ана Бақыт Қырғызбаева. 

Түйткілді мәселе жөнінде Целиноград ауданы әкімдігімен тілдеспек болдық. Алайда, әкімдік хатшысы аудан әкімі Бахидбек Оспановтың еңбек демалысына кеткенін жеткізді. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерік Жиенбековпен бірнеше мәрте хабарласып, ақыры қызметкерлерінің бірімен тілдесудің сәті түсті. Аудан әкімдігі жергілікті шаруашылықпен олардың өз қаражатына Нұра өзені арнасын бұруға келісім жасалғанын жеткізді. 

"Бейіт аумағының одан әрі құлауын және бұзылуын болдырмау үшін іс шараларды жүзеге асыру мақсатында "Баш-Құм" ЖШС-мен жобаны жасауға меморандум жасалды. "Баш-Құм" ЖШС-і жеке өз қаржысы есебінен Нұра өзені арнасын бұру бойынша жұмыстарды өткізбек. Бүгінгі таңда "Баш-Құм" ЖШС-і жобаны келісу үшін Ақмола облысының экология департаментіне жіберді. Жалпы ұзындығы 680 метр айналма жолмен Нұра өзенінің қазіргі арнасын бұру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін бастайды", - деді Целиноград ауданы әкімдігінен. 

Түйткілді мәселе одан әрі де біздің назарымызда болмақ. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow