«Жетісуда ауыл әкімі әйел зорламақ болған»: шенеунік жалақорды сотқа бермек

Әкімді айыптаған адамның сөзі әлеуметтік желіде жарияланды.

Тамыз 7, 2024 - 14:11
Тамыз 7, 2024 - 15:05
«Жетісуда ауыл әкімі әйел зорламақ болған»: шенеунік жалақорды сотқа бермек
Фото: facebook/Ақсу ауылдық әкімшілігі

Әлеуметтік желіде Жетісу облысы Ақсу ауылы әкімінің «өте ерсі қылығы» жайлы дерек тарады. Мұрат Орманов есімді азаматтың айтуынша, ауылдағы күйеуі, бала-шағасы бар әйелдің үйіне түнде біреу терезесінен кіріп, есігін ашқан. Сосын, ауыл әкімі есігінен кіріп, әйелді зорламақ болған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мұрат Орманов бұл жағдайды әлеуметтік желіге жариялаған бейнежазбасында айтып берген. Мұндай әрекетті тіпті, сол әкім бір емес, осымен екінші рет жасап отырғанын айтады.

Неге іс қозғалмайды? Бұған жергілікті, өзіміздің облыстағы әкімшіліктің қатысы жоқ. Бірақ бір ұйымдармен келісе отырып, «сені бостандыққа жібереміз, кешірімді қандай жағдай болмасын, алуың керек» деген. Соның дәлелін тауып жатырмын. Бұл әкімнің «крышасы» мықты кісі. Енді осы істің бәрі бұрмаланып, ол әкім құтылып кетсе, таңғалмаймын, – дейді Мұрат Орманов.

Жетісу облысы полиция департаменті осы айтылған жағдайға қатысты тергеу басталғанын, яғни, «үйге заңсыз кіру дерегі» бойынша қылмыстық істі тергеп жатқандарын мәлімдеді. Қазір барлық мән-жай анықталу үстінде. Сонымен қатар, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.

Біз осы жағдайға қатысты Ақсу ауылдық округінің әкімі Ілияс Әлімұлы Райымқұловтың өзіне хабарласып, жағдайды өз аузымен түсіндіріп беруін сұрадық.

«Дүкен ұстайтын үйге түнгі уақытта темекі, шемішке, «кола» алайын деп, жанымда бір бала болған, сол екеуміз барғанбыз. Машинадан түсіп барып тоқылдатты, қоңырауын басты. Мен машинада тосып отырдым. Ешкім шықпады. Сонымен біз қайтып кеткенбіз. «Терезеден кірді» дегені мүлде өтірік. Оны қайдан құрастырып жатқанын білмеймін», – дейді ол.

Ал бұл әңгімені таратқандар өзін жұмыстан кетіру үшін жала жауып жатқанын айтты. Оның сөзінше, арызданған және әлеуметтік желіге жариялап отырған адамдар әкімге басынан бастап қарсы болып, «күнде әлеуметтік желіге дақпырт салып отырған».

Әсіресе, Мұрат Ормановтың бұрынғы әкіммен жақсы болғанын, қазіргі әкім – Ілияс Райымқұловқа сайлауға түскеннен бастап қарсы болып, ылғи жала жауып жүргенін жеткізді. Араларында мұның алдында да шикілік болған. Соған байланысты әкім заңгер жалдап, жала жауып отырған кісінің үстінен арызданып жатыр.

Дүкен ұстайтын адамның «үйіме заңсыз кірді» деп қана арызданғанын, ал «зорлады» деген әңгіме мүлде шындыққа жанаспайтынын айтты. Бірақ неге олай жала жауып отырғанын тағы түсіне алмаған. Айтуынша, «бір емес, екінші рет» деген сөзі де өтірік.

Егер шынымен сондай жағдай болса, мен барып, кешірім сұрап, бірден шешіп тастайтын едім. Мен де сол себепті соңына дейін барып жатырмын. Өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеймін, – дейді Ілияс Райымқұлов.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow