Жекенің қолына өтіп кеткен Абай педагогикалық университетінің жері қайтарылды
Оқу корпусының ғимараты кейін «Ескі қақпа» атты мейрамханаға айналған.
Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің» мүлкін заңсыз иеліктен шығару фактісін анықтады.
Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, 1997 жылы жекешелендiру жөнiндегi аумақтық комитет оқу корпусы ғимаратының бiр бөлiгi 196 000 теңгеге заңсыз сатылған.
"Сол жылы 62 000 теңгеге 26 сотық жер телімі де заңсыз сатылған. Университет ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштеріне жатады, ал жер учаскесінде қаланың ең ескі сәулет құрылыстарының бірі - «Ескі қақпа» орналасқан. Кейіннен оқу корпусының ғимаратында «Ескі қақпа» атты мейрамхана ойын-сауық мекемесі – ұйымдастырылған", – делінген хабарламада.
Медеу ауданының прокуратурасы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің күшін жою туралы сотқа шағым түсірген. Сот шешімімен қадағалау органының талап арызы қанағаттандырылып, мүлік қайтарылды, шешім заңды күшіне енді.
Сіздің реакцияңыз қандай?