«Жасанды интеллект арқылы жақын туысы немесе танымал медиа-тұлғаның дауысын салып қоңырау шалады»: елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

лттық банк жасанды интеллектті қолданып алаяқтық жасайтындардың көбейіп келе жатқанын айтып, ескерту жасады.

Сәуір 24, 2024 - 15:30
Сәуір 26, 2024 - 09:38
«Жасанды интеллект арқылы жақын туысы немесе танымал медиа-тұлғаның дауысын салып қоңырау шалады»: елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Ұлттық банк жасанды интеллектті қолданып алаяқтық жасайтындардың көбейіп келе жатқанын айтып, ескерту жасады. Ұлттық банктің айтуынша, алаяқтар адамдардың туысы, жақын адамының немесе танымал медиа-тұлғаның дауысын салып қоңырау шалуға көшкен, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін және азаматтардың қаражатын сақтандырумен айналыспайтынын ескертіп, сақ болуға шақырды. 

“Адамның шынайы дауысын пайдалану үшін қаскөйлер WhatsApp, Telegram және т.б. аккаунттарды бұзып, дауыстық хабарламаларды көшіріп, оларды нейрондық желіге жүктейді не болмаса дауыс өзгертетін технологияларды қолданады. Кейін смартфон иесінің дауысы ақша жіберуді сұрайтын өтінішке айналып, дауыстық хабарлама түрінде жіберіледі, тіпті сол адамның атынан мәтінмен де келуі мүмкін”, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Смартфонды бұзу үшін алаяқтар  байланыс операторының техникалық қолдау қызметіненбіз деп қоңырау шалып, телефонға келген кодты айтуын сұрайды екен. Мәлімдеулерінше, алаяқтар балалар байқауына дауыс беру керек немесе сауалнамадан өту керек деп өтірік сілтеме жібереді.

“Жасанды интеллекттің көмегімен мессенджерлерде ІІМ, Бас прокуратура және т.б. атынан бейнеқоңырау шалып, азаматтарды ұлттық банкпен "бірлесіп жасалатын" төлем операцияларына қатысуға үндейді. Әңгіме барысында ұлттық банк атынан жалған құжат ұсынады. Азаматтардың сеніміне кіру үшін жалған құжаттарда мемлекеттік органдардың немесе жеке компаниялардың "уәкілетті адамы" қойған қолы мен оның аты-жөні және басылған мөрі көрсетіледі”, – делінген хабарламада.

Ұлттық банк күдікті сілтемелерге өтпеуге, телефонға келген код пен парольді ешкімге айтпауға және жібермеуге кеңес береді. Сөзінше, ҰБ қызметкерлері мессенджер арқылы аудио/видеоқоңырау шалмайды. 

Сондай-ақ жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске салды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow