Welt: ЕО Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы жобаны бекітті
ЕО-ның тек жеті мемлекеті Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге келіскен.
Еуроодақ елдерінің елшілері Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру шарттары жазылған жобаны мақұлдады. Бұл жөнінде немістің Welt басылымы жазды. Жоба "құпия құжат" ретінде танылған.
Құжатпен танысып шыққан басылымның жазуынша, онда Украинаға басқыншылық қатері төнгеннен кейін 24 сағат ішінде кеңес беру қарастырылған. Welt-тің жазуынша, алайда құжат ЕО әскерін Ресейге қарсы әскери қимылдарға тікелей қатыстыруды қарастырмайды.
Брюссель Украинаға әскери ұшақ және өзге де қару түрлерін тасымалдауды жалғастыруға, жауынгерлерін оқытуға, қауіпсіздік саласын реформалауда көмек көрсетуге, елді минадан тазалау, гибридтік қатерлер мен кибершабуылдарға қарсы қимылдауда әріптістік орнатуға уәде береді.
Құжатта сонымен бірге 2024 жылы Украинаға 5 млрд еуро көлемінде көмек көрсету туралы жазылған. Әрі қарай ол Украина әскерінің қажеттілігіне қарай және ЕО-ның мүмкіндіктеріне орай ұлғаюы мүмкін.
"Еуроодақ және оған мүше мемлекеттер әскери, азаматтық, гуманитарлық, қаржылай, сауда-экономикалық көмек, қоныс аударған адамдарды орналастыру, реформаларды қолдау, дипломатиялық қолдау арқылы Украинаның ұзақмерзімді қауіпсіздігі мен тұрақтылығында маңызды рөл ойнайды" деп жазылған құжатта.
Welt-тің жазуынша, ЕО-ның тек жеті мемлекеті Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге келіскен: Германия, Дания, Франция, Италия, Финляндия, Нидерланды және Латвия. Сегіз мемлекет: Словакия, Венгрия, Хорватия, Болгария, Кипр, Ирландия, Австрия, Мальта келісімнен бас татқан. Швейцария мен Түркия да келісім жасамаған.
Қазіргі кезде Брюссель Киевпен келісім шарттарын талқылап жатыр. Құжатқа шілденің басына дейін қол қойылады деп айтылады. Жоба толық қабылданса, аталған кепілдіктер Украина ЕО және НАТО-ға қосылғанға дейін күшінде болады.
Сіздің реакцияңыз қандай?