«Үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілуі керек» - Бишімбаевтың адвокаты

Маусым 26, 2024 - 12:30
Маусым 26, 2024 - 12:32
«Үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілуі керек» - Бишімбаевтың адвокаты

Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі бойынша апелляциялық соты өтіп жатыр.

Сотта бірінші болып Қ.Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов сөз сөйлеп, Бишімбаевқа шығарылған үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.
«Мен оны заңсыз деп санаймын және Қылмыстық кодекстің «Абайсызда өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша 106-бабына ауыстырылып, жаза азайтылуы қажет. Ал «Азаптау» бабы бойынша үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілуі керек», - деді Е.Ғазымжанов.

Оның айтуынша, үкімді өзгертуге және жоюға болады. Өйткені қорғаушы бірінші сатыдағы сот жасаған 20 бұзушылықты анықтап, апелляцияда көрсеткен. Адвокат алқабилер алқасын құру кезінде соттың кейбір кандидаттарға қарсылық білдіруін бірінші ауыр құқықбұзушылық деп атады.

«Судья өз еркімен шешім қабылдап, қайсысының сотталушымен жасты балалары бар екенін анықтай бастады және 20 үміткердің ішінен төртеуін шығарып тастады. Шығарылған үш үміткердің ұлдары бар еді. Осылайша, судья алқабилер алқасын құру тәртібін бұзбағанда және заң бойынша әрекет еткенде, осы 4 үміткердің ішінен біреу негізгі құрамға кіріп, дауыс берер еді. Үкім басқаша болуы мүмкін еді», - деді Е.Ғазымжанов.

Сондай-ақ ол сот сарапшысы Тахир Халимназаровтың айғақтарына күмән келтірді. Айтуынша, Нүкенованың нақты қайтыс болған уақытына қатысты дұрыс тергелмеген. Нүкенованың өлімі сағат 19:00-де болған және олар дереу жедел жәрдем шақырған. «Бізге Халимназаровқа сұрақ қоюға рұқсат етілмеді. Халимназаровқа қатысты келіспеушіліктеріміз көп болды. Қорғаушы тараптың айтуынша, Нүкенова мейрамхананың фойесінде басын қабырғаға соғып, өлімші соққы алған. Халимназаров қабырғаға немесе еденге соғу нәтижесінде бас-ми жарақатын  алу мүмкіндігін жоққа шығарды. Ол беткі ауданы шектелген зат туралы айтты», - деді Ғазымжанов.

Ғазымжановтың мәлімдеуінше, Халимназаров өз тұжырымын Нүкенова қайтыс болғаннан кейінгі фотосуреттерге сүйене отырып жасаған.

Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow