Тұңғыш баланы ата-әжесінің тәрбиесіне берген дұрыс па?
Қазақстандықтар Димаш Құдайбергенді мысал келтірді.
Қазақта тұңғыш немерені қарттарға беріп, шал мен кемпірдің баласы болып өсетіндер көп. Бірақ ер жеткенде өз ата-анасының айтқанын мойындамай, оларға қарсы шығып жататын кездері де болады, деп хабарлайды Sadagmedia.kz сайты Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Сәбиді ата-әжесіне беру қазақ қоғамында бұрыннан бар. Ертеректе баласының қауіпсіздігі үшін ата-ана осылай жасаған. Дегенмен бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталған. Белгілі этнограф Талғат Омаровтың айтуынша, мұның еш әбестігі жоқ. Керісінше үлкендердің қолында бала мейірімге қанық болып өседі. Қазақтың танымал тұлғалары да шал мен кемпірдің тәрбиесінде болған.
"Димаш Құдайбергенді мысалға келтіруге болады. Оны өсірген Құдайберген атасы мен апасы. Өз ата-анасы Қанат пен Светлана тәрбиелесе Димаш Димаш болмайтын еді. Ата-әжесінің тәрбиесінің арқасында Димаш мұқым Азияны, Еуропаны қазақ тілінде ән айтқызып, қазақ тіліне құмар етті", - деді этнограф Талғат Омаров.
Ал психологтар керісінше сәбиді ата-әжеге беруге мүлде қарсы. Себебі әке-шешесінің қамқорлығында болмаған балалардың есейгенде психологиясы бұзылады. Адамдарға сенуі қиындап, қарым-қатынас құрудан қашады екен.
"Ата-әженің қолында өскеннен кейін, ата-әженің табиғи жасы белгілі. Олар бақилық болған кезде бала ортада жалғыз қалып қояды. Не мама-папа дейтін ол кісілер жоқ. Өз әке-шешесіне ол сөзді айта алмайды. Туған бауырларымен дұрыс қарым-қатынас құра алмайды. Өйткені кішкентай кезінен бастап үйренбеген. Осының барлығы баланың психикасына кері әсерін тигізеді", – деді психолог Ержан Мырзабаев.
Баланы ата-әженің тәрбиесіне беру туралы пікір көп. Нақты шешімін айту қиын әрине. Дегенмен әр бала махаббат пен мейірімге бөленіп өсуі тиіс.
Сіздің реакцияңыз қандай?