Трансгендер деп айыпталған боксшы Иман Хелиф Илон Маск пен Джоан Роулингтің үстінен арыз түсірді
Париж прокуратурасы боксшының шағымынан кейін кибербуллинг фактісі бойынша тергеуді бастады.
Бокстан Париж Олимпиадасының чемпионы, алжирлік боксшы Иман Хелиф өзіне кибербуллинг жасағандарға қарсы шағым түсірді. Оның арызында Х/Twitter иесі Илон Маск пен әйгілі жазушы Джоан Роулингтің аты аталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Трансгендер деп айыпталған алжирлік боксшы Иман Хелифті былтыр Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) гендерлік тесттен өтпеді деп әлем чемпионатынан шеттеткен. Бірақ Халықаралық Олимпиада комитеті оның жарысқа қатысу құқығын қорғап, Париж Олимпиадасына қатысуына рұхсат берді.
Хелифтің адвокаты Набил Буди Маск пен Роулинг әлеуметтік желідегі пікірлері үшін оларға да шағым жазылғанын айтқан. Париж прокуратурасы боксшының шағымынан кейін кибербуллинг фактісі бойынша тергеуді бастады.
Белгілі француз заңгері Х парақшасында Францияның заңы шетелдік тұлғаларға жүрмейтінін жазып, Маск пен Роулинг жазаға тартылмайтынын ескертті, дегенмен Францияның аумағында кибербуллинг жасағандар жауап береді.
Еске салсақ, алжирлік спортшы Иман Хелиф пен трансгендер деп айыпталған тағы бір боксшы тайвандық Лин Ю Париж Олимпиадасында алтын медаль алды.
Халықаралық Олимпиада комитеті екі спортшыны қорғап, олардың айналасындағы шуға жауап берді.
«Әділеттілік болу керек. Екі спортшы да әйел, сондықтан олардың әйелдер арасындағы жарысқа қатысуына құқығы бар», - деді ХОК баспасөз қызметінен.
Сіздің реакцияңыз қандай?