Тоқаев: Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс

50 миллион доллардан көп қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидасымен жан-жақты қолдау көрсеткен жөн.

Ақпан 7, 2024 - 11:59
Тоқаев: Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс

Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Отырыста Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселесін қайта қаруды тапсырды, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Президенттің айтуынша, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. 
«Инвесторларға, мысалы, 50 миллион доллардан көп қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидасымен жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, жобалардың іске асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу керек. Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Президент мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруі керегін атап өтті. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына немесе қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек.

«Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал, аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады», - дейді Президент.

Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек.

«Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет. Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады», - деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow