Смайылов екі жылда Үкіметті 11 млрд доллар қарызға батырып кетті
2022 жылдың қаңтарында (премьер болған кезде) мемлекеттік қарыз 43,3 млрд долларды құраса, 2024 жылдың қаңтарында ол 54,8 млрд долларға жеткен.
Әлихан Смайылов үкіметке басшылық еткен тұста Үкімет шығындары мен қарыздары айтарлықтай өскен, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы kursiv.media сайтына сілтеме жасап.
Бұл жайлы @NRG_monitor телеграм арнасы жазды.
«Соңғы 2 жылда мемлекеттік шығындар мен мемлекеттік қарыздар айтарлықтай өсті. Егер 2022 жылдың қаңтарында (премьер болған кезде) мемлекеттік қарыз 43,3 млрд долларды құраса, 2024 жылдың қаңтарында ол 54,8 млрд долларға жеткен. Елеулі өсім мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің эмиссиясының ұлғаюымен байланысты»,– делінген телеграмдағы жазбада.
Мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің эмиссиясының пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуы да қарыздың артуына алып келген.
2023 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 триллион теңге рекордтық мемлекеттік несие алынған. Бірақ соған қарамастан, мемлекет бюджетіндегі тапшылық жабылмаған. Ал Ұлттық қордан аударылатын трансферттер 4 триллион теңгемен шектелген. Қордан бұдан былай кірістен көп қаражат алу мүмкін болмаған.
Сарапшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларын сатудан түскен 1,3 трлн теңге қаражаттың мемлекеттік бюджетке қайта бағыттауына да осы жағдай яғни Ұлттық қордан бюджетке аударымдарды шектеу мен несиелік шектеулер себеп болуы мүмкін деп топшылайды.
Сонымен бірге Әлихан Смайылов мұнай-газ саласына қатысты кездесулерімен есте қалды. Ол Қашаған газ өңдеу зауытының әлеуетті инвесторларымен 2 жыл келіссөз жүргізіп, өндіріс көлемін 4 миллиард м3 дейін жеткізуге күш салған. Бірақ соңында Қашаған акционерлері өздерінің ескі ұстанымдарында қалып қойды. Олар көрсеткіштерді 2 млрд м3 көлемінен 2,5 млрд м3 дейін көтерді.
Сіздің реакцияңыз қандай?