«Шығын - 10 миллиондай». Композитор 100-ге жуық қазақстандық әншіні алдап кеткен
«Мария Магдалена» әнімен танылған Асхат Тарғыннан бастап, «МузАрт» әншісі Кенжебек Жанәбіловке дейінгі бір топ әнші жалған композиторға алдандық деп шу шығарды. Айтуларынша, өзін ақын, сазгермін деп таныстарған азамат бұрыннан айтылып жүрген бір дайын әнді 10 адамға сатып, жұлдыздарды ұятқа қалдырған. Былығы ашылса да, алған ақшасын қайтармай, із-түзсіз жоқ болыпты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, жалған композитор 100-ге жуық әншіні алдаған.
«Қысқасы шоу-бизнесте бір алаяқ жүр. Оның есімі - Жақсылық Ыбырай. Қалай алдандым? Ол маған өзі шықты, сөзін жіберді, әнін жіберді, демо версиясын. Сөйтсем, ол ақын да емес, композитор да емес. Ешқандай да өнер адамы емес. Жай ғана ауадан ақша жасап жүрген адам екен. 10 шақты ән. Сол 10 әнді айналыдырып-айналдырып, бүкіл Қазақстанның әншілеріне сатып жатыр», - дейді әнші Перизат Алпыс.
Әншілердің айтуынша, оның ауадан ақша жасау тәсілі мынадай: өнер адамдарына өзін «сырлы сазгер», «ақиық ақынмын» деп таныстырып, кейін дайын әндерін жібереді екен. Бағасы арзан болғасын, бірден сатылады. Бірақ түбінде ол туынды өзге адамға тиесілі болып шығады.
«Ертеңінде хабарласты да, «аға, ақша кере болып тұр, балам ауырып жатыр, кеше сіз берген ақшаңызға дәрі алып тастадым, енді процедурасына ақша керек болып тұр еді, қиналып тұрмын, осы 30 мыңмен тоқтайық. 80 мың болады ғой сізге» деді. «Жарайды», деп бердім. Сөйтсем, бұл ән Мұраттың өзінің ән қоржынындағы әні екен. Бұрын орындалған ән екен. Кейбірі тіпті қыруар қаражатқа клип түсіріп тастаған», - дейді әнші Асхат Тарғын.
«Бауырластарым» деген ән бар. Өздеріңіз білесіздер, «Қойшы бала» атымен танымал болған Айдос Кәден деген інім бар. Қазіргі сәтте өзім продюсерімін. «Бауырластырым» деген әнді екеуіміз жаздық, студияға барып, одан кейін ауылға барып клип түсіріп тастадық. Міне, 3-4 күннің ішінде шығады. Жалпы сома «Бауырластар», «Әйелдер» клипі шыққаны, 2 миллион теңге кетті. Міне, осылай алаяқ алдап отыр. Қаншама адамға сатқан», - дейді әнші Қанағат Меченбай.
Әншілер «алаяқ» деп айыптаған ер адам сазгерден бөлек, актерлік, асабалық өнері де бар екен. Алайда той саласында біраз ылаң салып кеткен көрінеді. Бұған видеоларының астындағы халықтың пікірі дәлел. Сөйтсе, ол «асабамын» деп алдын ала ақшасын алып, кейін тойға келмей қояды екен. Осының анық-қанығын «композитор» айтпай, жауаптан қашқан.
«Бір әнді 10 адамға сатқан екенсіз».
«Енді оған менің қатысым жоқ. 10 адамға сатқаныма. Кінә жоқ демеймін. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды ғой. Менен де біраз қателік болды», - дейді ол.
«Алдандық», деген әншілер жалған сазгердің үстінен ұжымдық арыз түсірген. Қазір полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.
«Барлық мән-жайы және құқық бұзушылықтың, қылмыстың орын алу тізбегі міндетті түрде анықталып, іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделетін барлық тергеу жүргізіліп жатыр», - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Шу шығарған әншілердің есебінше, шығын көлемі 10 миллион теңгеден асады. Оның ішінде жұлдыздар да бар, тойға асаба ретінде шақырып, ұятқа қалған қарапайым халық та бар. Сондықтан жұрт ауадан ақша жасап жүрген пысықайдың тездетіп қамалуын талап етіп отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?