Бишімбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз 20 жылға сотталуы мүмкін
Қуандық Бишімбаевтың өзі ғана емес, туыс-туғандарының да жазаға тартылуын талап еткен петицияға 173 562 адам қол қойған.
Тек қазақ қоғамы ғана емес жарты әлемнің назарын аударған Бишімбаев ісі де өз мәресіне жақындады. Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот тергеуі бітіп, соттағы жарыссөздер аяқталды. Бүгін айыпталушылар соңғы сөздерін айтты, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Сарапшылардың ойынша, қанша жерден адвокат жалдап, түлкі бұлаңға салып, қоғамда басқаша пікір қалдыруға тырысса да Бишімбаевтың соттан қашып құтыла алмайтынын айтып жатыр.
"Чемодан госсекретов" телеграм арнасының мәліметінше, Бишімбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз 20 жылға сотталуы мүмкін екенін жазған.
"Яғни ол бостандыққа қартайған шағында, 60 жасында шығады. Әдетте Қазақстанда әйелін өлтіргендер орта есеппен 15 жылға сотталады. Ал бұл жағдайда прокуратура азаптау болғанын дәлелдей алды. Оған Бишімбаевтың телефонында табылған видеолар да дәлел. Өмір бойына сотталмайды, оның үстіне мұны Нүкенованың ағасы ғана талап етіп отыр.
Процестің ашық өтуі билік үшін ұтымды болды: осылайша қазақстандықтар сот, адвокаттар қалай жұмыс істейтінін көріп, сот жүйесі мен прокурорларға сенім арта түсті", - делінген жазбада.
Тағы бір айта кетерлігі, жалпы қазақ қоғамы Қуандық Бишімбаевтың өзі ғана емес, туыс-туғандарының да жазаға тартылуын талап етіп отыр. Қоғам белсенділері бір емес бірнеше ресурс бетінде экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туыстарының мүлкін тәркілеуді талап ететін петиция жариялағаны белгілі. Соттың әділ өтетініне күмән келтіріп, жағдайды Президенттің өзі бақылауға алуына талап етті.
Уәкілетті органдарға нұсқау беріп, отбасының барлық мүлкіне жедел тексеру жүргізу қажет. Аса қатыгездікпен кісі өлтірді деген күдікпен қазір сотқа тартылған Бишімбаев бұрын министр болып жұмыс істеген кезінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғанын білеміз. Ашық дереккөздерден белгілі болғандай, жемқор шенеуніктің анасы әлі күнге дейін әртүрлі компанияларда ірі бизнес активтеріне ие. Бұл сотталған жемқор шенеуніктің үкімді орындаудан және мүлкін тәркілеуден жалтарып үлгергенін көрсетеді”, – деп жазылған петицияда.
Олар Әлмира Нұрлыбекованың 2005-2016 жылдары иеленген активтерінің заңдылығына күмәнмен қарайды.
"Үй шаруасында болған анасының, ұстаздықпен айналысқан әкесі Уәлихан Бишімбаевтың мұндай байлығының болуы сенімсіз", - дейді.
“Бишімбаев өз байлығының мүмкіндіктерін шексіз пайдаланып жатыр. Оны қорғайтын адвокаттардың саны оннан асты. Олардың арасында тергеу анықтаған айғақтарды бұрмалағысы келгендер де болды. Аталған заңгерлер Нүкеновтер отбасының сезімін, жалпы адамзаттық құндылықтарды асыра сілтеп, Нүкенованың образын жаман етіп көрсетіп, садистік қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамды ақ етіп шығаруға ұмытып отыр” – деген ұстанымда белсенділер.
Петиция авторлары Бишімбаевтың мүлкін тәркілеуге қатысты бұрын шығарылған үкім толық орындалуын талап еткен.
alash.online сайтында жарияланған бұл петицияға 173 562 адам қол қойған. Олардың 172 814-і қолдап дауыс берсе, 748 адам қарсы екенін білдірген.
Сол секілді бұл петиция otinish.kz сайтында да жарияланғаны белгілі. Оған ос уақытқа дейін 51 638 61 мыңнан астам адам қол қойған. Қазіргі уақытта петиция жабылған. Бұл петицияның да авторы, белгілі заңгер Вадим Курамшин.
Сіздің реакцияңыз қандай?