Еуроодақ Навальный ісіне қатысы бар судьяларға санкция салды
Еуропа одағы Ресейдің 19 азаматына және федералдық жаза орындау қызметіне жаңа санкциялар салды. Азаттық радиосының жазуынша, Еуроодақ мұның себебін адам құқықтары бұзылды деп түсіндірген.
Санкция тізімінде бірнеше судья мен прокурор бар — олардың басым бөлігі биыл ақпанның ортасында Ямал-Ненец автономды округіндегі түрмеде көз жұмған оппозиционер Алексей Навальныйдың үстінен қозғалған қылмыстық істерге қатысы бар.
Бұған қоса, "Мемориал" құқық қорғау орталығының тең төрағасы Олег Орловтың ісіне қатысы бар тергеуші, прокурор және судья, Санкт-Петербургтегі суретші Александра Скочиленконың ісіне қатысқан судья мен прокурор да санкцияға іліккен.
Брюссельдің мәліметіне сәйкес, Еуроодақ Ресей билігі қуғын-сүргінге пайдаланады деген құралдарды жеткізуге тыйым салған. Оның ішінде тікенек сым, жарылғыш зат пен атыс қаруы, жасырын тыңдайтын технологиялар бар. Тізімде көрсетілген тауарлардың басым бөлігін қазірдің өзінде Ресейге жөнелтуге тыйым салынған. Алексей Навальный 16 ақпанда Ресейдегі "Полярный волк" деп аталатын тәртібі қатаң түрмеде көз жұмды. Сараптама саясаткер "өз ажалынан қайтыс болған" деген қорытынды жасады. Оппозиционердің жақтастары "Навальный өлтірілген" деп санайды. Батыс елдері Навальныйдың қазасына Ресей билігі жауапты деді.
Оппозиционер бірнеше іс бойынша айыпты деп танылып, ұзақ мерзімге сотталған еді. Навальный мен оның жақтастары және құқық қорғаушылар оны қудалаудың саяси астары бар деп есептеді.
Биыл ақпанда Ресей соты Олег Орловты соғыс туралы мақаласында армия беделін түсірді деген айыппен екі жыл алты айға бостандығынан айырған. Әуелде Орловқа айыппұл салған еді, бірақ прокурорлар бұл шешімге қарсы болып, құқық қорғаушыға түрме жазасын талап етті.
Сот суретші Саша Скочиленко "саяси жеккөрушілік немесе араздық сарынында" Ресей армиясы туралы жалған мәлімет таратты деген айыппен жеті жылға сотталған. Бұл іске оның 2022 жылы көктемде супермаркеттегі тауар бағасы жазылған қағаздарды Украинадағы соғысқа қарсы жазуларға айырбастап қойғаны ілік болған.
Сіздің реакцияңыз қандай?