Абаев, айтар сөзге абай бол!
Ресей Федерациясындағы елшіміз Дәурен Абаев 25 қазан – Қазақстанның Республика күніне орай Мәскеуде өткен жиында сөз сөйлеп, «Қазақстан мен Ресей дос болуға міндетті емес, олар дос болуға жаралған» деген пікірін жеткізді. Екі елді елдестірмек дипломаттың не мақсатты көксеп айтқанын ұқпадық. Айтылған сөз интернет желіні екіге жарды: Стокгольм синдромы өтіп кеткен ресейшіл топ қолдады, ал екінші тарап сынға алды. Абаев айналасындағы пиаршылар бұл жолы оңай құтылды. Себебі, шахтадағы жарылыс оң жамбасқа келді. Кенеттен болған апат абайсызда айтылған Абаевтың сөзінен назарды бұрып жіберді.
Қазақстан Президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары кезінде Дәурен Абаев қазақша сөйлеуді талап етіп жүрген белсенділер әрекетін «жабайы ұлтшылдық» деп атап дәл осылай дауға қалған болатын. Мәскеу мәлімдесіне бола мәймөңкелеп «үңгірге» кіргенінде «Сөзтүзер» кітабын шала күйінде жалма-жан жарыққа шығарып жаны қалған. Сөйтіп Facebook-тегі «өртті» басқан. Ал Егемендік декларациясы жарияланған күндегі мәлімдемені қалай жоруға болады? Осы орайда sadaqmedia.kz Мәскеудегі елшінің мәлімдемесіне қатысты кәсіби сарапшылардың пікірін білген еді.
«Саясатта мәңгілік дос та, мәңгілік жау да болмайды»
Жеңісбек Төлен, саясаттанушы: «Саясатта мәңгілік дос та, мәңгілік жау да болмайды, тек қана ұлттық мүдде болады. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Ресеймен стратегиялық әріптестік туралы келісім бар. Дәурен Абаевтың “Қазақстан мен Ресей дос болуға міндетті емес, олар дос болуға жаралған” дегені қатты айтылған сөз. Бұл әлі де болса мемлекеттің тәуелділігін көрсетеді, өйткені, тәуелді болғандықтан әлі күнге Ресейдің ықпалындамыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та Ресейге доспыз деген емеурін. Саяси элитаның өзі Ресейдің ықпалында екенін осы емеурін пікір арқылы көрсетіп тұр”.
«Абаевтың мәлімдемесіне Ресей медиасы қуанып жатқан болар...»
Амангелді Құрметұлы, әскери сарапшы: “Әлбетте Ресейдің шекаралас екені, бұрын бір Одақта болғаны, одан бұрынырақта Ресейдің Қазақстанды отарлағаны тарихи факт. Сондықтан, әлбетте бұл елмен қарым-қатынас ынтымақтастық, одақтастық, серіктестік деген ұғымдармен сипатталып жататыны бар. Ал Дәурен Абаевтың бұл пікірін өз басым салтанатты жиынға келген қонақтардың көңілінен шығуға бағыттап айтқан ұғымы деп білемін. Саясатта мәңгілік дос болу жоқ. Оны кезінде Ұлыбритания Премьер-министрі Уинстон Черчилль де айтқан, яғни, “Ұлыбританияның мәңгілік досы жоқ, мәңгілік мүддесі бар”. Сол себепті, бұл жерде достықпен бірге стратегиялық әріптес, стратегиялық серіктес, одақтас, ынтымақтастық деген сияқты ұғымдарды таразының басына тартып алған болар едім. Меніңше, елшіміз бұл мәлімдемені Мәскеудегі “ауа-райына” қатысты айтқан болуы мүмкін, ал егер де елші сол айтқанына сенетін болса, өкінішке қарай, көңіл құлазытатын дүние.
Қазір Ресейдің сыртқы саясатының сипатын біліп отырмыз. Төңіректегі елдерге ықпал ету тетіктерін, амалдарын біршама білеміз. Сондықтан, егер біз сенімен мәңгілік доспыз дейтін болсақ - онда қателесіп кетуіміз әбден ықтимал. Иә, серіктеспіз, одақтаспыз, әркім һәм әрқайсымыз өз мүддемізді қорғаймыз, өз мүддемізді ескереміз. Яки Қазақстанның ұтылатын да кездері болады, бірақ ұдайы жем болудан құтылу үшін түрлі амал-айлаларға барады. Мұндай сәттерде елшінің де қырағы болғаны керек пе еді, кім білсін?! Достық деген жеке адамдардың арасындағы ұғым болса керек. Мемлекет пен мемлекет одақтас, әріптес болуы мүмкін. Кейде тіпті одақтар да ыдырап жатады, оған тарих куә. Біздің тарихымызда да сондай оқиғалар болған. Сондықтан, елшінің бұл мәлімдемесін Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты деп бағалауға болмайтын шығар. Қазір Қазақстан қалай болғанда да әлемнің барлық мемлекетімен, алпауыттарымен жақсы қарым-қатынасын орнатуға тырысып жатыр, орнатып та жатыр және сыртқы саясатымыз сол көпвекторлы күйінде сақталатын сыңайлы, сақталғаны да дұрыс. Ешкіммен доспыз деп ашық айта қоймаймыз, бірақ кейбір мәселеде одақтасамыз, кейбір мәселеде келіспеуіміз мүмкін. Бірақ ешкімге аумақтық немесе тағы басқа сипаттағы талап-арызымыз жоқ. Біздің елшіліктегі салтанатты жиында сол қонақтардың көңілінен шығу үшін айтылып қалды-ау деп топшылаймын. Ал оны Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдық деп қабылдамаған дұрыс шығар. Медиа оны әртүрлі қабылдайды. Әсіресе, Ресей медиасы қуана бөркін аспанға атып жатса таң қалмаған болар едім. Өйткені, қазір олар кез келген жылы сөзді өз бас пайдасына, өздерінің идеологиясына, пропагандасына пайдалануға мүдделі».
Сіздің реакцияңыз қандай?