«Жаңа тұлғалар тағайындалады»: Тоқаев жаңа үкімет құрамында үлкен өзгеріс болатынын меңзеді
Мәжіліс депутаттары Премьер-министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновті тағайындауға келісім берді.
Сонымен Мәжіліс депутаттары Премьер-министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновті тағайындауға келісім берді, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
«Қазақстан Республикасының Президентінің Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Бектенов Олжас Абайұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасын жалпы отырысқа қатысқан депутаттардың 69-ы қолдап дауыс берді. 7 депутат қалыс қалды.
Іле-шала Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Премьер-министрін тағайындау жөніндегі арнайы жарлығы шығып, Олжас Бектенов ресми түрде Үкімет басшысы тізгінін алды.
Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында жаңадан жасақталатын Үкіметтің алдында үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті. Басты міндет Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру.
«Жалпы, Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет деп ойлаймын. Бүкіл қоғамның күтіп отырғаны осы. Сол себепті кеше мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтың отставкасы туралы өтінішін қабылдадым. Әлихан Асханұлының басшылығымен Үкімет ел экономикасында және әлеуметтік салада тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қарқынды дамуға қажетті маңызды қадамдар жасады», - деді Президент.
Сонымен қатар ол су жаңа үкімет құрамында үлкен өзгеріс болатынын меңзеді. Айтуынша, мүлдем жаңа тұлғалар тағайындалады.
«Қазір алдымызда өте ауқымды, биік мақсаттар тұр. Сондықтан дереу жұмысқа кірісу қажет. Егер біз 5 жылдан кейін экономикамызды 2 есе ұлғайтамыз десек, жаңа экономикалық модель керек. Әлеуметтік-экономикалық дамуға жаңа көзқараспен қарау қажет. Соған байланысты Үкіметтің қаржы-экономикалық блогы өзгереді. Жаңа тұлғалар тағайындалады», - деді Президент.
Сіздің реакцияңыз қандай?