Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді

Қыркүйек 4, 2024 - 16:11
Қыркүйек 4, 2024 - 16:36
Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді

Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тазы тұқымы бойынша шешім қабылдады.

«Алдағы уақытта сіздерді 10 жылға созылатын жұмыс күтіп тұр. Осы уақыт ішінде иттердің денсаулығына көптеген тестілер жасалып, жаңадан туған тазы күшіктерінің статистикасы жүргізіледі, бұл деректер FCI Ғылыми комиссиясы үшін қажет. Иттердің денсаулығы мен жай-күйі қазіргі таңда өте маңызды мәселелердің бірі. FCI Қазақстандағы тазы тұқымының жүйелі дамуын бақылап отырады», - деді FCI президенті Тамаш Яккель.

2023 жылдың тамызында Қазақстан кинологтары одағы Халықаралық кинологиялық федерацияның барлық талаптарын орындап, оның толыққанды мүшелігіне қабылданды. Сөйтіп өзінің ұлттық ит тұқымдарын жариялау құқығына ие болды.

«Біз Kazakh Tazy дербес тұқымын таныту үшін Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) барлық талаптарын орындадық. Соның ішінде еліміздің әртүрлі аймақтарында асыл тұқымды иттерді кең ауқымды тексеру жүргізілді. Иттер маңызды генетикалық зерттеулер қамтылған Кешенді медициналық тексеруден өтті, соның арқасында қазақы тазының бірегейлігін айқындайтын бұлтартпас айғақтар ұсындық. Тарихи зерттеулерде 4 мың жылдан астам тарихы бар ит тұқымының шығу тегі мен дамуы толық қамтылып, "қазақы тазы" тұқымының атауы түпкілікті бекітілді. Арнайы монотұқымды иттер көрмесін ұйымдастырып, FCI-дың Стандарттау және ғылым комиссиясының мүшелері тазы тұқымына жататын 100 итті зерттеуіне мүмкіндік жасады. Осы еңбектің нәтижелері негізінде бүгін FCI Бас комитетінің бірауыздан қабылдаған шешімімен қазақ тазысы ресми түрде әлемдік деңгейде танылды. Тазы - біздің мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлігі, сондықтан біз ұлттық ит тұқымын сақтау әрі насихаттау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Бұл күн шежіреде тарихи күн ретінде қалатынына сенімдіміз», - деді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow