Президент МӘМС жүйесін сынға алды
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелерге назар аударды.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек, – деді Президент.
Сіздің реакцияңыз қандай?