Павлодарда кәмелетке толмаған қызды аяусыз соққыға жыққан
Павлодарда кәмелетке толмаған колледж студентін миы шайқалғанша соққыға жыққан. Осы жайтқа қатысты білім басқармасы мен полицейлер түсінік берді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Павлодар тұрғыны Instagram-дағы парақшасында кәмелетке толмаған қызын инновациялық көпсалалы колледждің студенті ұрып-соққанын хабарлады. Жәбірленуші миы шайқалып, бас-ми жарақатымен ауруханаға түскен.
Павлодар облысының білім басқармасы фактіні растады.
"Жанжал салдарынан кәмелетке толмаған студент жарақат алды. 6 қазанда "мидың шайқалуы" диагнозымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта қыздың жағдайы жақсарып, амбулаториялық емге жіберілді. Бүгіннен бастап ол колледждегі сабағына барды", - деді ведомство өкілі.
Білім басқармасы студенттер арасындағы оқиғаның сабақтан тыс уақытта болғанын атап өтті. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
"16 жастағы кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, полицейлер бұл іс бойынша объективті және жан-жақты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр", - деді полиция.
Ведомство тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жарияланбағанын атап өтті.
Сіздің реакцияңыз қандай?