Павлодар облысында өрт сөндірушілердің костюмдері 8 айға кешіктіріліп жеткізілген

Сәуір 27, 2024 - 12:38
Сәуір 27, 2024 - 12:38
Павлодар облысында өрт сөндірушілердің костюмдері 8 айға кешіктіріліп жеткізілген

Павлодар облысында өрт сөндірушілерге өртке қарсы костюмдер дер кезінде жеткізілмеген. Тауарлар кеш жеткізілген әрі қажетті анықтамалары болмаған. Бұл туралы Sadaqmedia.kz ақпарат порталы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің «КК» ЖШС-ге қатысты мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, тұрақсыздық айыбын өндіріп алу, шартты бұзу туралы талап қоюы бойынша апелляциялық істі қарады.

«Белгілі болғандай, тараптар арасында жалпы сомасы 25 724 160 теңгеге 87 дана полимерлі материалдан жасалған өртке қарсы костюмдерді жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған. Шарт қазынашылық органында тіркелген, тауар 90 күнтізбелік күн ішінде, яғни 2023 жылдың 27 шілдесіне дейін жеткізілуі тиіс еді. Алайда, жауапкер тауарды 2023 жылдың 3 тамызында жеткізген және сертификаттың болмауына байланысты тапсырыс беруші оны қабылдамаған», – делінген хабарламада.

Заңға сәйкес, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылғанын анықтағаннан кейін 30 күн ішінде сотқа жүгінуі керек болатын. Алайда, талап қоюшы белгіленген мерзімде талап-арыз бермеген, сәйкесінше, талап-арызды қанағаттандырудан бас тартуға тура келген.

Сонымен қатар, іс қаралғанға дейін талапкер біржақты тәртіпте шартты бұзған, сондықтан шартты бұзу туралы талап та қажетсіз деп қабылданбаған.

Нәтижесінде апелляциялық алқа шешімді өзгеріссіз қалдырды, ал талапкердің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Алқаның қаулысы заңды күшіне енді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow