Түркістандағы оқушы қыз зорланған ауылды екі күннен бері арнайы жасақ күзетіп тұр
Түркістан облысындағы Зағамбар ауылын екі күннен бері полиция арнайы жасағы күзетіп тұр, деп жазады Азаттық.
"Оқушы қызды зорлаған" деген хабар тараған соң ауылда бірнеше көлік пен қора өртенген. Облыстық полиция "кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі" бойынша іс қозғалып, мектеп оқушысы қамауға алынғанын мәлімдеді. Азаттық тілшісі Зағамбарға барып, ауыл адамдарымен сөйлесті.
АРНАЙЫ ЖАСАҚ КҮЗЕТКЕН АУЫЛ
Зағамбар ауылы Төле би ауданының орталығы Ленгер қаласынан 7 шақырым қашықта орналасқан. Жергілікті халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады, жақын маңдағы жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді.
Ресми мәлімет бойынша, ауылда тұратын бес жарым мыңға жуық адамның 4 мыңнан астамы – өзбек ұлтының өкілдері.
Зағамбарға сәрсенбі, 24 сәуір күні түс ауа жеттім. Ауыл ішінде және сырт жағында полиция жасағы мен көліктері тұр екен.
Полициямен бірге мұнда прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен әкімдік қызметкерлері де жүр. Ауыл көшелерінен полицияның криминалистикалық зертхана көлігі көзге шалынды.
Өзім әңгімелескен жергілікті тұрғындар ауылдағы аралас мектептің оқушы қызын "бірге оқитын жасөспірім зорлапты" деген суыт хабар 23 сәуір күндіз тарағанын айтты.
"Кәмелетке толмаған қызды жәбірлеген" деген күдікке ілінген оқушы тұратын көшені күзетіп тұрған полицейлер. Түркістан облысы Төле би ауданы Зағамбар ауылы, 24 сәуір, 2024 жыл.
"Кәмелетке толмаған қызды жәбірлеген" деген күдікке ілінген оқушы тұратын көшені күзетіп тұрған полицейлер. Түркістан облысы Төле би ауданы Зағамбар ауылы, 24 сәуір, 2024 жыл.
Ал сәрсенбіге қараған түні ауылда бірнеше көлік пен мал қора өртеніп, белгісіз біреулер бірнеше үйге тас лақтырғаннан кейін жұрттың тыныштығы кеткен. Зағамбарға полиция жасағы кірген.
Көп ұзамай ауылда интернет пен телефон байланысы өшірілген. Үрейленіп қалған тұрғындар таңға дейін көз ілмегенін айтты.
Сәрсенбі таңертең ауылда арнайы жиын өтіп, түске жақын елді мекенге блокпост қойылған.
24 сәуірде Түркістан облыстық полиция департаменті Зағамбар ауылында тұратын "кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша" тергеу басталғанын, күдікті ретінде жасөспірім мектеп оқушысы қамауға алынғанын хабарлады.
Күдікке ілінген жасөспірім – 10-сынып оқушысы. Онымен бір мектепте 9-сыныпта оқитын қыз жәбірленуші деп танылған.
Бұған қоса Қылмыстық кодекстің "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" деп аталатын 202-бабы бойынша іс қозғалған. Тұрғындар түнгі оқиғаларға күдікті ретінде 16 адам ұсталған дейді. Полиция бұл іс бойынша күдіктілер анықталып жатқанын ғана айтып, өзге ақпарат бермеді.
Күдікті және жәбірленуші деп танылған оқушылар білім алатын ауылдағы Әл Фараби атындағы мектепке журналистерді кіргізбеді. Күзетшілер мектеп басшылығы "жұмыс орнында жоқ" деп, онымен сөйлесудің сәті түспеді. Мектепке кіріп-шығып жүрген мұғалімдер Азаттық тілшісімен әңгімелесуге ықылас білдірмеді.
ТҮН МЕЗГІЛІНДЕГІ ӨРТ
Зағамбар ауылында қысқа көшелерден бөлек төрт үлкен көше бар. Тұрғындардың айтуынша, сәрсенбіге қараған түнгі сағат екі шамасында солардың үшеуінен өрт шыққан.
Екі отбасының үш көлігі мен үш отбасының мал қорасы өртенген. Кей тұрғындар өртенген мүліктің жанынан ішіне солярка құйылған бөтелке тапқанын айтады.
– Түнгі сағат екіде үйдің терезесіне тас тиіп, әйнек шағылды. Аулада тұрған көліктің дабыл белгісі (сигнализация) ойнап кетті. Үй сыртында екінші көлік тұрған. Сыртқа шықсақ өртеніп жатыр екен. Ішіне жарты литрлік шыныға солярка құйып, жағып жіберген екен, – дейді ауыл тұрғыны Әлішер Егамбердиев.
Егамбердиевтің анасы Мухаббат Егамбердиева түнгі оқиғадан қатты қорқып, қан қысымы көтерілгенін, у-шудан есеңгіреп қалғанын айтты.
– Сыртқа шықсақ, көршіміз де тұр екен. Олардың үйіне тас атқан. Анау төменгі үйге де солярка құйылған шыныны жағып лақтырыпты, бірақ от сөніп қалыпты. Көп өтпей өзге көшелерден де өрт шыққанын естідік, – дейді Мухаббат Егамбердиева көзіне жас алып.Ауылда Егамбердиевтердің көлігінен бөлек тағы бір үйдің ауласында тұрған екі көлік, үш үйдің қорасы өртенген.
Зағамбар тұрғыны Умида Сайдазимова жарылған дыбыстан шошып оянғанында көршісінің қорасы өртеніп, шатыры жанып жатқанын көргенін айтты.
– Балаларым көршіме жүгірді, олармен бірге өртеніп жатқан қорадан жылқы мен сиырларды айдап шықты, – дейді ол.
Қорасы өртенген егде адам аты-жөнін айтудан бас тартты. Өзіне мүлде қатысы жоқ өзге біреудің қылығы үшін жазықсыз жапа шеккеніне налиды. "Біреу істейді, халық жауап береді. Не үшін?" дейді ол ашуға булығып.
Жергілікті адамдардың айтуынша, Зағамбарда бес үйден бір мезетте өрт шыққан түні ауылға полиция арнайы жасағы енгізіліп, елді мекенге күзет қойылған. Ауылға кіріп-шығу шектелген.
Бөтеннің мүлкін бүлдіріп-жоюға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 16 адамды ұстап, тексеріп жатыр дейді тұрғындар.
– Кім не істеп қойғанын білмейміз. Түске жақын полиция үйме кіріп, жастарды алып кетті. Сұрау керек, кінәсі жоқ болса, бекерден бекер қамауда ұстау дұрыс емес, – дейді ауыл тұрғыны Айсұлу Мәмиева.
Азаттық тілшісі сәрсенбі күні кешке қарай ауыл орталығына жүздеген полиция қызметкері мен арнайы жасақ сарбаздары жиналғанын көрді. Шамамен бір сағаттан соң, ымырт үйірілер алдында олар ауылды бақылап-күзетуге қайта тарады.
Осы сәтте бағана түсте қосылған интернет байланысы қайта үзілді. Телефон байланысы да нашарлап кетті.
Зағамбардан аттанып бара жатқанда ауылға кірген әр көлікті арнайы жасақ тоқтатып, тексеріп жатқанын байқадық. Түркістан облыстық полиция департаменті Азаттыққа тергеу амалдарына байланысты әзірге Зағамбар ауылынан арнайы жасақ шығарылмайтынын хабарлады
Сіздің реакцияңыз қандай?