«Мысқылдай күліп, мазақ етіп тұр»: Ербаян туралы пікір білдірген Ермұрат Бапи сынға қалды
Ал, адам тағдырын мазақ еткен, ел сенімін аяққа таптаған Е.Бәпи сияқты депутаттар мұндай мансапқа лайықсыз деп санаймын.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи былтыр комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтардың оқиғасын әлдекімдер дүрліктіріп отырғанын айтты. Сол пікірінен кейін депутат қоғамның сынына ұшырады, деп хабарлайды Sadаqmedia.kz ақпарат порталы.
Еске салсақ, Алматы маңындағы 5571 әскери бөлімінде борышын өтеген Ербаян былтыр желтоқсанында ми жарақатын алып, комаға түскен. Зардап шеккен сарбаздың туыстары мемлекеттен қажетті көмек көрсетілмей жатқанын айтып шағымданған. Бұл ретте депутат «әскерилер неге Ербаянға жөргек сияқты қажетті күтім құралдарымен қамтамасыз етілмейді?» деген тілші сұрағына жауап берді.
«Олар жөргекпен қамтамасыз ете алмайды?! Бұл туралы тым көп айтылған. Жөргекпен қамтамасыз ету мәселесі қандай? Олар кез келген дүкенде сатылады. Бұл жағдайдың айналасындағы қаңқу сөздерді көбейте береді. Жігіттің қиын, қайғылы жағдайға тап болғанымен келісемін. Мұны Әскер немесе медицина өкілдерінің бірі бұл балаға қасақана жасап отырған секілді. Бұл мүмкін емес! Әлеуметтік желіде осындай ақпараттар тарап жатыр. Ал біз түймедейді түйедей етіп, ушықтырып жатырмыз», – деді Ермұрат Бапи.
Осыдан кейін Facebook желісінде журналист, продюссер Ертай Нүсіпжанов Ербаянның ауыр жағдайын күлкіге айналдырған депутатқа сын жазбасын жариялады.
«Елімізде ай-күннің аманында, жылына шамамен 90, ал соңғы 3 жылда 270 әскери қызметші қайтыс болыпты. Әскери прокурорлар оның басты себебін ауру, жол-көлік оқиғасы және өзіне қол жұмсау салдарымен түсіндіреді. Алайда, әскерге сап-сау кетіп, көп ұзамай күмәнді жағдайда қайтыс болған немесе мүгедек боп оралғандардың туыстары бұған сенбейді. Әлбетте, құлағанның бәрі есінен танды дегенге мен де сенбеймін.Әскерге барар алдындағы міндетті медициналық тексеруден сау өткен жігіттер неге әскерге барғанда ауру боп шығады? Отан қорғау борышын мақтанышпен орындауға барғандар неге жаппай өз-өзіне қол жұмсайды? Неге оның себебі анықталып, салдарына балта шабылмайды? Қашанғы соғыссыз қырыла береміз? Тиісті орындар неге ертегіге сендіргісі келеді? Азап шеккендердің құқын кім, қашан қорғайды?», - деп жазды Ертай Нүсіпжанов.
«Әскерге 12 мүшесі сап-сау барып, көп ұзамай мүгедек болып қайтқан Ербаян Хамитұлы есімді азамат қазіргі уақытта төсек тартып жатыр. Қатардағы жауынгердің жағдайы өте аянышты. Мәжіліс депутаты Е.Бәпи осының мән-жайына терең үңіліп, мәселені қолға алудың орнына, “Памперс сатып алу проблема ма?” деп мысқылдай күліп, мазақ етіп тұр. Кеудесі өксікке толы азамат пен оның ет жақындарына кім араша болады сонда? Әскердегі әлімжеттік мәселесін жасырып, бізде бәрі жақсы деген сыңай таныту - қылмыс. Ал, адам тағдырын мазақ еткен, ел сенімін аяққа таптаған Е.Бәпи сияқты депутаттар мұндай мансапқа лайықсыз деп санаймын», - деді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?