«Мешіт салғыш кәсіпкерлер канал салса, абыройлы іс болар еді» - журналист
Бұрын мен тұрған ауыл (Жамбыл облысы, Жуалы ауданы) суы сыртқа шығып жататын сор болған екен. “Қазақтар “Жаңаталап” деп аталатын көрші ауылда тұрған. Себебі, біздің ауылда адам баласына тұру мүмкін емес еді” деп еді марқұм анашым.
Сосын сор басқан ауылға жер аударылған немістер көшіп келіпті. Ауыл атауын Кеңес үкіметі “Октябрь” деп қойып береді. “Сол немістер аз жылда ауылды гүл-гүл жайнатты” деп еді анам.
Сонда ең бірінші олардың жасағаны - терең арықтар, каналдар еді. Ол каналдар әр жерлерде су жиналатын көлшіктермен түйінделіп отырады. Шөбі шүйгін, табиғаты тамаша. Осы күндері су басып жатқан ауылдарға қарап, немістердің сол кездегі технологиялық және білім жетістігіне әлі күнге жете алмай келеді екенбіз ғой.
Әлгі немістердің артынша жайлы, жайқалған ауылға орыстар лек-легімен көшіп келе бастайды. 1990 жылдары менің әке-шешем алғашқы қазақ отбасылардың бірі болған екен. Әке-шешемнен бөлек екі-үш Қарақалпақстаннан келген қазақ отбасы ғана болған.
Сол терең каналдардың арқасында еш жақтан су күтпестен егістіктерді жергілікті халық суара беретін. Балалық шағымда су тасқыны болғаны жайлы мүлде естімедім. Әйтпесе, қыста қары қалың түседі. Кей жылдары тіпті үйлерді де қалың қар басып қалып жұт болған еді (2004-2005 жылдары).
Тауға жақындау ауыл болған себепті жауын-шашын да жиі-жиі жауатын.
Содан-ақ әлгі каналдар мен көлшіктердің кереметін сезіне беріңіз.
Құрметті билік өкілдері, құрметті кәсіпкерлер! Әлгіндей каналдар мен жасанды көлшіктерді тек егістік алқаптарына ғана емес, барлық жайылымды жерлерге салу керек. Израиль елі алақандай сусыз, жайсыз құм даласын егістіктерге айналдырып, көкөніс экспортында көшбасшы болып отырған жоқ па?
Көктем кезіндегі суды соратын каналдар мен сақтайтын көлшіктер дайындауға жедел кірісуіміз керек. Сонда жаздағы құрғақшылықта қиналмаймыз. Болашақта бүкіл әлем су тапшылығынан зардап шеккелі отыр. Ол табиғи апаттың басы басталып та кетті.
Ендеше, біздікі не тұрыс? Не жатыс?
Кәсіпкерлер билікпен бірлесе отырып бұл су мәселесін жедел қолға алу керек.
Мешіт салғыш кәсіпкерлер осындай игілікті іске жұмылса, елдің алдында да, қарапайым халықтың алдында да өте абыройлы іс болар еді.
Журналист Арман Әубәкірдің Facebook пaрaқшaсынан
Сіздің реакцияңыз қандай?