«Коктейль беріп, кейін үйіне апарып зорлаған»: Алматыда танымал фотограф сотталды

Ол сотта кінәсін мойындамады.

Сәуір 24, 2024 - 18:49
Сәуір 24, 2024 - 18:50
«Коктейль беріп, кейін үйіне апарып зорлаған»: Алматыда танымал фотограф сотталды
фото: egemen.kz

Алматыда 22 жастағы қыздың зорлануына қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты. Бұған дейін Элина есімді жәбірленуші зорлықтың құрбаны болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, барда коктейль берген танысы кейін үйіне апарып зорлаған, деп хабарлады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Бұл іс Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында қаралды. Қыз зорлады деп айыпталған 34 жастағы К.-ға қатысты қылмыстық іс жабық режимдегі сотта қаралды.

Сот мәліметінше, былтыр 9 наурызға қараған түні К. қаланың түнгі клубтарының бірінде демалып жүріп, сол уақытта өзінің құрбыларымен жүрген танысы О-мен кездескен. Кейін К. оны үйіне шығарып саламын деген сылтаумен өз пәтеріне әкелген.

«Одан соң жәбірленушінің дәрменсіз күйін, яғни ішімдікке мас болғанын пайдаланып, зорлық-зомбылық көрсетіп, жәбірленушінің еркінен тыс жыныстық қатынас жасаған. Осылайша сотталушы зорлау ісін жүзеге асырған», — деп жазылған мәліметте.

Сотталушы кінәсін мойындамады және соттан өзін ақтауды, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған сараптамалардың қорытындылары, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары арқылы дәлелденді.

Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлімі бойынша кінәлі деп танылды және оған 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow