«Кімге керексіңдер»: атышулы Көпбасарова Абай театрынан 9 қызметкерді бір күнде жұмыстан шығарған

Күзетшіге театр басшылығы жұмыстан босаған 9 қызметкерді 1 тамыздан бастап театрға кіргізбеуді тапсырған.

Шілде 31, 2024 - 17:16
Шілде 31, 2024 - 17:17
«Кімге керексіңдер»: атышулы Көпбасарова Абай театрынан 9 қызметкерді бір күнде жұмыстан шығарған
Фото: Gatob.kz

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры қызметкерлерін заңсыз жұмыстан шығарып жатыр. Сол театрда көрерменмен жұмыс жөніндегі менеджер Назерке Әбілқасымова әлеуметтік желіде осындай дабыл көтерді, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы qaz365.kz cайтына сілтеме жасап.

Назеркенің айтуынша, театрдан кірген адамды қарсы алып, бағыт-бағдар көрсетіп, көрерменге орнын көрсететін қызметкерлер – капельдинерлер. Сонымен бірге, капельдинерлер театрда тазарту жұмыстарына жауапты.

«1 шілдеге дейін театрда 9 капельдинер жұмыс істеген. Сол күні бүкіл театр еңбек демалысына кетеді. Біз 1 шілдеде бәріміз демалысқа шығатынымыз жөнінде өтініш жазуға келгенбіз. Бірақ театрға кіргенімізде бізді театрдың кадр бөлімінің бастығы қарсы алып, бейресми түрде біздің бөлім таратылып кеткенін айтты. Яғни, бізді, 9 капельдинерді қысқартып жіберген. Осы жаңалықты естіп, не дерімізді білмей қалдық», — дейді ол.

Осыдан кейін кадр бөлімінің басшысы қызметкерлердің қысқартылуын театрдың 90 жылдығымен байланыстырып, ол іс-шараға ел президенті қатысатынын айтқан.

«Бізге, капельдинерлерге біздің директор Айнұр Көпбасарованың сыртқы стандарт бойынша талабына сай келмейтінімізді айтты. Зухра Нұрахметқызы (кадр бөлімінің басшысы) бізді театрдың заңгері Мұхит Тәтеновке жолдап, штаттың қысқарғаны жөнінде хабарламамен таныстырмақ болды. Біз оған бірнеше рет бардық. Алайда ол бізге бірдеңені түсіндірудің орнына өзін дөрекі ұстап, хабарламаны көрсетуден бас тартты. Еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші кемі бір ай бұрын жұмыстан босататынын ескертуі керек», — дейді ол.

Назерке Әбілқасымова сонымен бірге театр басшылығы осыншалықты қысқарту болатыныны қандай әлеуметтік мекемелерге ескертілгені жөнінде хабарламаны көрсетпей отырғанын айтады. Капельдинерлер бұл шешіммен келіспейтінін айтқанда, үлкен қысымға ұшыраған. Әбілқасымова кадр бөлімі басшысының «Ой, вообще на хрен мне вы нужны» деген сөзінің аудиосын да салып көрсетті. Ал театрдың есепшісі «қағазға қол қоймаған жағдайда арнайы баппен жұмыстан шығарылатынын» айтқан. Күзетшіге театр басшылығы жұмыстан босаған 9 қызметкерді 1 тамыздан бастап театрға кіргізбеуді тапсырған.

Театр директоры Айнұр Көпбасарованың аты бірнеше жыл бұрын Түркістан музыкалық драма театрын басқарып тұрған кезде шыққан. Кезінде «Бөрте» спектаклін сахналаймын деп жұртшылық тарапынан сынға қалған. Ол басқарған «Түркістан музыкалық драма театры» МКҚК жалпы сомасы 246 млн 750 мың теңге шығындаған. Бұл жайлы зерттеу мақалада Көпбасарованың «Бөртеге» бөлінген қаражаттың есебін ашып айта алмағанын жазылған болатын.

Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрын Айнұр Көпбасарова осы жылдың басынан бастап басқарып келеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow