Халықаралық сот Израильдің Палестина аумағын басып алуын заңсыз деп таныды
Сот Израиль оккупацияланған Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимдегі қоныстандыру әрекеттерін доғарып, осы аумақ пен Газа секторын "заңсыз" оккупациялауын тезірек тоқтатуы керек деген ұйғарымға келді.
Халықаралық БҰҰ соты Израильдің Палестина аумағын басып алуы халықаралық құқыққа қайшы деген қорытындыға келді, деп жазады Азаттық радиосы.
Сот Израиль оккупацияланған Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимдегі қоныстандыру әрекеттерін доғарып, осы аумақ пен Газа секторын "заңсыз" оккупациялауын тезірек тоқтатуы керек деген ұйғарымға келді.
Гаага соты араб-израиль қақтығысына нүкте қою үшін әлем елдері әріптестік орнатуы керек екенін атап өтті.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сот "өтірікке толы шешім" қабылдады деп мәлімдеді. Ол еврей халқы "өз жерінің басқыншысы емес" деді. Ал Батыс жағалауындағы палестина әкімшілігі БҰҰ сотының шешімін жылы қабылдап, оны "тарихи" шешім деп атады.
Халықаралық БҰҰ соты шешімінің орындалуы міндетті емес, алайда халықаралық құқыққа сәйкес оның саяси салмағы бар және Израильге қолдауды әлсіретуі мүмкін.
Бұл іс Израиль әскерінің Газа секторындағы ХАМАС-қа қарсы ірі операциясы басталмай тұрып халықаралық сотқа түскен. ХАМАС Еуроодақ пен АҚШ-та террористік ұйым танылған. 2023 жылы қазанда содырлар Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасағаннан кейін Израиль әскері Газа секторында ірі операция бастаған.
1967 жылы алтыкүндік соғыстан кейін израильдіктер жоғарыда аталған аудандарда оның ішінде Шығыс Иерусалимді де бақылауға алып, 160 елдімекен бой көтерген. Оған 700 еврей орналасқан. Енді Гаага соты бұл елдімекендерді заңсыз деп танып отыр және ондағы тұрғындар кетуі керек деп есептейді. Сот оккупациядан зардап шеккен палестиналықтарға өтемақы берілуі керек деп санайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?