Қарқаралыдағы көкпардан қайтқан спортшылар жол апатынан қайтыс болды

Жүк көліктің біреуінде Меркі ауданының көкпаршылары болған.

Маусым 11, 2024 - 15:11
Маусым 11, 2024 - 15:12
Қарқаралыдағы көкпардан қайтқан спортшылар жол апатынан қайтыс болды

Қарқаралыда өткен көкпардан қайтқан меркілік спортшылар жол апатына ұшырады. Апат салдарынан 2 көкпаршы көз жұмды, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы. Тағы төрт адам ауруханаға жеткізілген.

Бұл туралы белгілі фотограф Бақберген Шағырбай  хабарлады.

"Соңғы ойын. Өмірден алған ең үлкен сабағым, пендешілік. Кеше Қарқаралыда өткен екі күндік тойда  көкпардан Меркі ауданы суырылып алға шықты. Бірінен соң бірін ұтып бірінші орындаы иеленді. Кеш қарайып, жолға шықтық. Шаршаумыз. Алдында арқа сүйер екі ағам және мен. Кенет ұялы телефоныма хабарлама келді. Дауысын қосып тыңдадым. Онда көкпаршы інім: «Аға ассалаумағалейкум шаршамадыңыздар ма чемпион болдық шүкір. Сізден сұрайын дегенім, суреттерім болса, әке анамды білесіз келініңіз бар қуантқым келіп еді», -деп аудиожазба жіберген екен. Тыңдадым да, үн қаттым. «Жолда келе жатырмыз, шаршадық, жеткен соң жіберемін»,- дегендей дөрекілендім.

Жол үстіндеміз. Кенет көлік басқарып келе жатқан ағам: «ұлық болсаң, кішік бол. түсінем шаршайсың бірақта өз көңіліңмен жұртты санама»,- деді.
«Өзімнің жақсы көретін інім ғой" дедім де жолды жалғастырдық.

Елге аман-есен келіп, шаруаларды реттеп тағы бір күн өтті.

Таңғы сағат 7:38-де хабарлама келген екен. «Асссалаумағалейкум, аға, біз жолға шықтық»,-делініпті. "Ронти, қазір суреттерің өңделіп жатыр»,- дедім мен. Қарқаралыда жарқ еткен жас бала Меркі командасында ойын көрсеткен жас шабандоз бүгін өмірден озды Алла өзі жарылқасын. Отбасы ата анасына қайғырып көңіл айтамын!» деп жазған фотограф өз жазбасында.

Желіге апаттың апат видеолары тарап жатыр. Онда жантүршігерлік апаттан 2 адам қайтыс болғаны айтылуда. Сондай-ақ жүк көлігіне тиелген 4 жылқы өліпті делінген. 
Қарағанды облысының полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 10 маусымда сағат 9.59-да Алматы - Екатеринбург тасжолындағы 655-ші шақырымда болған

«Екі MAN ауыр жүккөлігі соқтығысқан. Жол апаты салдарынан жүк көлігінің бірінің 20 жастағы жүргізушісі мен оның 31 жастағы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Екінші көліктің жүргізушісі мен үш жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді», - деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow