Қаражалдың өзінде 566 жылқының өлексесі жиналды - депутат

Депутаттардың айтуынша, өлексе саны шындыққа сай емес.

Сәуір 3, 2024 - 17:54
Сәуір 3, 2024 - 21:24
Қаражалдың өзінде 566 жылқының өлексесі жиналды - депутат
Фото: facebook.com/ Ерлан Төлеутай

«Ауыл шаруашылық министрлігі аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлаудан әріге бармады». Осылай деген AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Ерболат Сатыбалдин мен Аманжол Әлтай Мәжіліс қабырғасында Қарағанды облысындағы жұт мәселесін көтерді.

Депутат Ерболат Сатыбалдиннің келтірген деректері бойынша, бір ғана Қаражалда 566 бас жылқының өлексесі жиналған, деп хабарлайды

«Жұт тек Ұлытау жерінде ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды. Мұндай қыспақ жылда соқпайды, осындай ауыр жағдайға қалған елге дер кезде мемлекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек беретін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды... Арқада мал қырылды, қырылмағаны көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға кірді. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден астам жылқы құлаған. Ауыл тұрғындары бағып отырған малдарының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына ай жарымнан асты. Тек қана Қаражалдың өзінде 566 бас жылқының өлексесі жиналды. Жиналмай далада шашылып жатқаны қаншама?!» - деді депутат.

Алайда, қыстың ортасында жауған жауынды көріп, біліп отырған жауапты мемлекеттік мекемелер немқұрайлылық танытқан. Ұлытау облысында болып жатқан табиғаттың қауіпті және дүлей құбылыстарының жұтқа әкеліп соғатыны туралы болжам жасалса да, жергілікті әкімдіктерге ескерте алмаған.

«Мемлекеттік бақылау мен реттеудің салғырттығын осыдан да көрсек болады. Әріптесім, Мәжіліс депутаты, Аманжол Әлтайдың жұт туралы айтқан жанайқайына Ауыл шаруашылығы министрлігі «малдың жаппай өлімі фактілері жоқ, Ұлытау облысында 67 жылқы малы өлімі тіркелді» деп аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлаудан әріге бармады», - деді Сатыбалдин.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан аймаққа комиссия жіберілген. Алайда, белгілі болған өлексе саны шындыққа сай емес, деді депутат.

«Үкіметтің бұл тірлігін Арқа жұрты «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймынға» балап отыр. Кешегі COVID-19 нәубеті келгенде Жаңаарқаның шаруалары бал қымызы мен шипалы саумалын Астана мен Қарағанды облысының ауруханаларына тегін жеткізіп, науқастардың сауығып кетуіне көмектесіп, пандемиямен күресіп жатқан дәрігерлерге күш-қуат бергенін қалайша ұмытамыз?! Сары қымыз сапырған сәнді келіншектер қымызды күбіге құйып, күрпілдетіп пісіп, бір уақытта он мың литр қымыз дайындап, Гиннестің рекордтар кітабына еніп, Қазақтың дәстүрін әлемге паш еткен Жаңаарқаға мұндайда қол ұшын созу, білген адамға - міндет еді!» - деді депутат.

AMANAT фракциясы депутаттары шаруалардың басына төнген бұл жұттан аман шығудың мына тәсілдерін ұсынды:

Зардап шеккен шаруа қожалықтары мен өлім-жітімге ұшыраған мал басы санағын жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тіркеуде болмаған малдардын санаққа енгізуге рұқсат беру (халық аузында «зеленый корридор» деп аталып кеткен) Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялау. Жұттан титыққан шаруаларға қолдау ретінде ауылшаруашылық мақсаттарға алған несиелеріне кешірім жариялау. Мал өлекселерін жою жұмыстарын жүргізе отырып, малдарға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын да мемлекет есебінен ұйымдастыру қажет. Бұған дейін Ұлытау облысында жылқы аштан қырылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Арам өлген малдың нақты саны белгісіз.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow