Қалдыбек Құрманәлі: «Болашақпен оқыған Бишімбаевтың әйелін қасақана өлтірді дегенге сенбеймін»

Бишімбаевты қаралап жатқан әйелдер маған да атылатын шығар. Бірақ қандай жағдайда өлтіргені туралы түбегейлі зерттеу керек еді.

Мамыр 21, 2024 - 10:43
Мамыр 21, 2024 - 10:47
Қалдыбек Құрманәлі: «Болашақпен оқыған Бишімбаевтың әйелін қасақана өлтірді дегенге сенбеймін»
Фото: ашық дереккөз

Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі Nege.kz - ке берген сұхбатында Қуандық Бишімбаев «әйелін қасақана өлтірді» дегенге сенбейтінін айтты, деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

"Бишімбаев «Болашақпен» шетелде оқып келген, президенттің көмекшісі, министр деңгейіне дейін көтерілді. Оны танымаймын да, бірге шәй ішкен адам емеспін. Оған адвокат болып отырғам жоқ. Бірақ қоғам қарсы шықса да, «әйелін қасақана өлтірді» дегенге сенбеймін. Бишімбаевты қаралап жатқан әйелдер маған да атылатын шығар. Бірақ қандай жағдайда өлтіргені туралы түбегейлі зерттеу керек еді. Оның өлтіргені рас, алайда қасақана өлтіргеніне нақты қандай айғақ бар. Бишімбаевты мысалға алып, «бүкіл еркек оңбаған, қатыгез, әйелін өлтіруге дайын тұрады» деген пікір қалыптасып барады. Бұл дұрыс емес", – дейді ол.

Композитордың сөзінше, әйелді еркектен артық қойып, қарсы қою да қоғамның жақсылығы емес.

"Өмірде отбасын құрған соң ұрыс-керіс болады. «Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, тек сынбаса болды» деген тәмсіл бар. Бұл «күйеуіңнен таяқ жеп, төзіп жүре бер» деген сөз емес. Және әйелді еркектен артық қойып, қарсы қою да қоғамның жақсылығы емес. Бұл отбасы құндылығын жоғалтып, қазақты жоқ қылып жіберудің үлгісі деп ойлаймын. Батыстың менталитетін алып, бүкіл қазақ құндылығына қарсылық таныту жөн бе? Әрине, әйелін тепкілеп, төмпештеп жату дұрыс емес. Ал болмашы ұрыс-керіске бола баланы әкесінен бөлек алып қашуға келіспеймін! Ондай жағдайда отбасы көпбалалы бола ма? Жоқ", – дейді Қалдыбек Құрманәлі.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow