«Исламның атын жамылып азғын пиғылдарын жүзеге асырып жатыр» – Мәжіліс депутаты
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Ирак парламентінің неке жасын төмендету туралы ұсынысына қатысты өз пікірін білдіріп, бұл әрекетті «адамзатқа қарсы жауыздық» деп атады, деп хабарлайды Orda.kz.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да бұл бастамаға қарсы ашық мәлімдеме жасап, мұндай әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы болу қажет.
Ирак билігі неке жасын 18 жастан 9 жасқа төмендеткелі жатыр. Бұл туралы The Miror басылымының мәліметіне қарасақ, үкіметте 16 қыркүйекте заңның екінші оқылымы болып жатыр.
«Құдай сақтасын! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) адамзатқа қарсы жасалмақ мынау жауыздық әрекетті үзілді-кесілді жазғырып, мәлімдеме жасауы керек деп ойлаймын! Адам айтқысыз бұл қатыгездікке елдегі теріс діни ағымдардың жекелеген өкілдері елігіп кетудің алдын алу үшін тиісті мемлекттік органдар бақылауды күшейтуі керек!», — деп атап өтті Ермұрат Бәпи.
Депутаттың пікірінше, балаларға қатысты мұндай заңдар исламның дұрыс түсінігінен алшақтап, педофилияны заңдастыруға жол ашады.
Ал Ирак билігінің пікірінше, бұл қадам ислам заңдарын дұрыс насихаттауға тірек болады. Сондай-ақ қоғамды басқа да «азғын қарым-қатынастардан» сақтайды.
Ермұрат Бәпи мұндай заң жобаларын «ислам атын жамылып, педофилдерге азғын пиғылын жүзеге асырудың амалы» деп айыптады.
Сіздің реакцияңыз қандай?