Енді өңір әкімдері спорт басқармасының басшыларын өздері тағайындай алмайды
Елімізде өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау тәртібі өзгерді, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Енді бұдан былай облыстық спорт басқармаларының басшылары Туризм және спорт министрлігі жанындағы арнайы комиссияның келісімімен тағайындалады.
Яғни өңірлік спорт басқармалары басшысын тағайындау Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған комиссияның келісімімен жүзеге асады. Комиссия жұмысына тікелей министр Ербол Мырзабосыновтың өзі жетекшілік етеді.
Президент Тоқаевтың өзі әрбір өңірде спорт түрлерін дербес дамытуды шешетін өңірлердің белсенділігін сынға алып, спорт саласындағы басқару жүйесін қайта реттеу керек деген нақты тапсырма берген еді ғой. Сол тапсырманы орындау үшін аталған министрлік осындай комиссия құрған. Комиссия үміткерлерден спорт саласындағы мол тәжірибе, нақты даму жоспары және тіпті спорт ғылымы мен менеджмент саласында жеткілікті білім болуын талап етеді.
Сөйтіп бұрын өзіне ұнағанын қойып үйренген жергілікті әкімдіктер өздерінің қалаған кандидаттарын емес, тек комиссияның оң қорытындысын алғандарды ғана тағайындай алады. Шындығында, жаңа министр тек спорт федерацияларын ғана емес, өңірлердегі спорт басқармасының басшыларын да шаңын қағатынға ұқсайды. Енді жаппай тағайындалу бола ма, әлде облыс әкімдігі бұған қарсы бола ма, көрейік.
Егер шынымен спорт басқармаларын тағайындауға министрлік араласып жатса, демек министр Мырзабосыновтың күшіне енгені де.
Сіздің реакцияңыз қандай?