Еділ жағалауынан Алтын Орданың төрт ханы жерленген қорым табылды

Шілде 13, 2024 - 18:29
Шілде 13, 2024 - 23:30
Еділ жағалауынан Алтын Орданың төрт ханы жерленген қорым табылды

Татарстан ғалымдары Еділдің төменгі ағысында қазба жұмыстарын жүргізу барысында Алтын Орда хандарының қабірлерін тапты, деп хабарлайды Sadaqmedia.kz ақпараттық порталы.

Төменгі Еділ бойындағы археологиялық орындарды зерттеу жұмыстарын Қазан археологтары 1960 жылдары бастаған. Ал Татарстан Республикасының Ғылым академиясы Еділ аймағындағы археологиялық зерттеулерді 2005 жылы жүргізуге кіріскен.

20 жылға жуық уақыт бойы Татарстан археологтары астрахандық әріптестерімен бірге Хазар қағанаты дәуірінен Алтын Ордаға дейінгі елді мекендер мен қорымдарда орасан жұмыс атқарды. Зерттеудің негізгі басымдығы - ортағасырлық жазба дереккөздерінен Алтын Орда хандары жерленген қала ретінде белгілі бірегей археологиялық кешен болып отыр. Қорым  Астрахан облысы Лапас ауылының жанында орналасқан.

tatar-inform.ru порталының жазуынша, Алтын Орда кесенелері орналасқан Астрахан облысының Лапасында қазба жұмыстарын анықтау үшін археологтар мен тарихшылардан бөлек, геологтар, геофизиктер, сәулетшілер мен геодезистер қатысқан. «Прогресс» ҮЕҰ (Самара қ.) көмегімен аэроғарыштық түсірілім де жүргізілген.

А.Х.Халиков атындағы ТР Ғылым Академиясы Археология институтының директоры Айрат Ситдиковтің айтуынша, зерттеу нысаны Астраханьдан солтүстікке қарай 100 км жерде, Еділдің сол жағалауында, Ахтуба арнасына жақын жерде орналасқан.

«Кешен Ақ Сарай қалашығы деп аталатын ортағасырлық бекініссіз қонысы бар қираған ғимараттардың қалдықтарынан тұрады. Кесенелердің өздері, біздің болжамымыз бойынша, жиырмадан асады. Зерттеу барысында жыл сайын аумақты тексеру кезінде жаңа құрылыстар  табылып жатыр. Алтын Орда тарихы мен археологиясының белгілі маманы В.Л.Егоровтың айтуынша, Лапастың төрт ірі кесенесінде төрт хан жерленген болуы мүмкін, олар - Берке, Өзбек, Жәнібек және Бердібек хандар. Мұндай үлкен кешеннің құрылысы Өзбек хан басқарған тұста жүргізілген. Кесенелер сол кезде жерленген немесе кейінірек осында тасымалданған белгілі тұлғалардың қабірлерінің үстіне салынған»,-дейді ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow