«Бір аяғым жоқ»: Алып қашу кезінде көлік астына түскен қыз ауыр тағдырын баяндады
Бірінші мені қақты, одан кейін маған үйленемін деген жігіт менің соңымнан қуып келе жатыр екен. Екінші сол баланы қақты. Ол сол жерде тіл тартпай қайтыс боп кетті.
Қазіргі қоғамда қызды күштеп әкеліп, әйелдің тағдырын талқан ететін еркектердің саны азаймай тұр. Мәселен, Алтынай Құрманова есімді шымкенттік ару алып қашудың құрбанына айналып, тіпті сол сәтте аяғынан айырылғанын айтады. Бүгінде мүгедек боп қалған кейіпкеріміз адам шошырлық қайғылы оқиға туралы Stan.kz сайтына бүкпесіз баяндап берді, - деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Алтынай Құрманованың айтуынша, ол құрбысымен бірге туған күнге барған. Сол сәтте оны бейтаныс жігіт ұнатып қалып, сауық-кештің соңында алып қашуға жоспар құрады.
"Әлгі жігіт мені сырттай ұнатқан екен. Қайтар кезде біздің ауылға жетпей, басқа ауылға тоқтады да "мен сені алып қашып бара жатырмын" деп айтты. Түсінбей қалдым, өзім оны бірінші рет көріп тұрмын. "Мен базарда тұрған, дүкенде тұрған зат емеспін ғой, ұнаса ала салатын" дедім де тоқтап тұрған көліктен түстім. Сол кезде мені алып қашуға тағы бір топ адам мен көлік келіп тұр екен. Сол кезде қашып, жолдың екінші бетіне өткен сәтте қарсы беттегі көліктің астына түсіп қалдым. Бірінші мені қақты, одан кейін маған үйленемін деген жігіт менің соңымнан қуып келе жатыр екен. Екінші сол баланы қақты. Ол сол жерде тіл тартпай қайтыс боп кетті", – дейді Алтынай Құрманова.
Жедел жәрдем көлігі, дәрігерлер, аурухана және ота. Дәл осы сәттен бастап Алтынай үшін нағыз қасіретті күндер басталды. Өйткені қыздың күре тамыры үзіліп кеткен еді. Тіпті ақ халаттылар оның аяғын кесуге мәжбүр екенін ашық айтқан.
"Ең алғаш естігенде "шок" болдым. Он екі мүшем сау, жүгіріп жүрген қыз едім. Қалай аяғымды кесіп тастайды? Мен бірден келісім берген жоқпын. "Өлсем, он екі мүшем сау болып өлуге дайынмын" дедім. Кейін дәрігерлер қайтадан түсіндірді. Сол кезде аяғымды кесуге рұқсатымды бердім. Қазір менде тізеден жоғары толық бір аяғым жоқ. Аяқты кескеннен кейін өмірім 180 емес, 360 градусқа өзгерді. Жүріп жүрген адамға бір аяқпен қалу деген өте қиын. 6 ай төсек тартып жаттым, содан кейін ең алғаш менің аяғыма протез салды. Ал протезге үйреніп, адамдар сияқты жүруге бір жарым жыл уақыт кетті", – дейді кейіпкер.
Дәл осы оқиғадан кейін Алтынайды кінәлап, ауыр сөз айтқан адамдардың саны аз болмапты.
"Маған "сауап болды" дегендер көп болған сияқты. Сол кезде ренжитінмін. Сол кісілердің маған айтқан ауыр сөздері мені жаман жаққа емес, керісінше алға жылжуыма себеп болды. Ол кезде 23 жаста едім. "Мүгедек Алтынайды ешкім алмайды. Мұны кім алады?" дегендер болды. Одан кейін "өзің үшін бала туып алсаңшы. Қартайған уақытта сені кім қарайды?" дегендер де болды. Кейін мен сол кісілерді кінәлап емес, керісінше олардың сөзінен мотивация алдым деп ойлаймын. Ауызбен айту оңай ғой. Маңдайыңа жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайсың. Мына жалған дүниеде бір нәрсе бір нәрсеге себепші болады дейді ғой. Мені алып қашуға ниеттенген баланың өліміне мен себепші болдым. Менің осылай мүгедек боп қалуыма ол бала себепші болды", – дейді Алтынай.
Жылдар жылжыды, уақыт сырғыды. Алып қашудың құрбаны болып, мүгедек атанған Алтынайдың қазіргі қыз-жігіттерге айтар ақыл-кеңесі де бар.
"Қыздар, әр қадамдарыңды ойланып басыңдар. "Құрбым ғой, отырысқа барып келе саламын" деп мен де осындай жағдайға түсіп отырмын. Бірақ еш уақытта асығыс шешім қабылдамаса екен. Мендегі асығыс шешімгің салдары осыған алып келіп тұр ғой. Мүмкін жігітпен сол жерде дұрыстап сөйлескенімде мұндай жағдай болмас па еді... Қыздың тағдыры өте қиын ғой. Біздің Оңтүстік өңірде әлі күнге дейін қыз алып қашу бар ғой. Қыздар, ойланыңдар, дұрыс адаммен араласыңдар. Ал қыз алып қашуды жөн көретін жігіттерге айтарым, қыздың тағдырымен ойнамаса екен. Сол жігіттердің ата-анасы да айтса екен. Қыздың да сезімімен, ақылымен санасу керек", – дейді алып қашудың құрбаны болған қыз.
Айта кетейік, Алтынай Құрманованың басынан өткен қайғылы оқиға 2014 жылы желтоқсан айында болған екен. Бүгінде кейіпкеріміз өзі тағдырлас жігітпен бас қосқан бақытты ана, аяулы жар. Таяуда бұл ерлі-зайыпты отбасындағы сүйінші жаңалықты дүйім жұртқа жарияламақ...
Сіздің реакцияңыз қандай?