Демократтар Харристі президент сайлауына қатысатын кандидат ретінде бекітті

Харриске 4567 делегат немесе делегаттардың 99 пайызы дауыс берді.

Тамыз 21, 2024 - 14:49
Тамыз 21, 2024 - 14:54
Демократтар Харристі президент сайлауына қатысатын кандидат ретінде бекітті

АҚШ демократиялық партиясы Камала Харристі президент сайлауына қатысатын кандидат ретінде ресми түрде бекітті.

Харриске 4567 делегат немесе делегаттардың 99 пайызы дауыс берді.

"Біз үшін бұл үлкен абырой. Бәріміз бірге жаңа жолдан өтеміз" деді Харрис. Оның орынбасары болуы мүмкін Тим Уолз видеобайланыс арқылы шықты.

Дауыс беру рәсімі 20 тамызда демократиялық партияның Чикагодағы ұлттық съезінде болды. Харрис пен Уолз сол күні Висконсин штатында Милуокиде сайлауалды митинг өткізген.

Съезде АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама мен оның әйелі Мишель Обама сөз сөйлеп, Харристің кандидатурасын қолдады.

"Америка, үміт оты қайта жанды. Бізге құр сөз бен епсіздік, хаосқа жол берген тағы төрт жыл керек емес. Біз ол фильмді көріп тастағанбыз. Сиквел әдетте нашар болатынын білеміз" деді республикалық партияның кандидаты Дональд Трамп туралы айтқан Барак Обама.

Мінберге сонымен бірге Ақ үйде бірнеше ай бойы Трамптың баспасөз хатшысы болған Стефани Гришэм де шақырылды. Гришэм 2021 жылдың қаңтарында Капитолийге шабуылға дейінгі аралықта бастан өткергенін баяндады.

Бір күн бұрын АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден де сөйлеген. Ол Харрис тамаша президент болатынын, "себебі өзге де мықты президенттеріміз тәрізді ол да вице-президент болғанын" атап өтті. АҚШ тарихында Байденді қосқанда 15 вице-президент президент болған деп жазды NBC News арнасы.

Бір ай бұрын Байден президент сайлауынан бас тартып, Харристі демократиялық партияның атынан сайлауға қатысатын үміткер ретінде қолдаған. Осы уақыт аралығында Харрис сайлауалды кампаниясына шамамен 500 млн доллар қаражат тарта алды деп жазды Reuters.

Кейінгі сауалнамаларға қарағанда, Харрис Трамптан бірнеше пайыз алда келеді. АҚШ-та президент сайлауы биыл 5 қарашада өтеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow