«Бүйрегі езіліп, бас сүйегі сынған»: Алматыдағы әскери бөлімде қаза тапқан сарбаздың эксгумация қорытындысы шықты

Алмас Шахимовтың туыстары эксгумация жасатып, алты айдан соң сараптама нәтижесін жариялады

Маусым 10, 2024 - 09:18
Маусым 10, 2024 - 09:39
«Бүйрегі езіліп, бас сүйегі сынған»: Алматыдағы әскери бөлімде қаза тапқан сарбаздың эксгумация қорытындысы шықты
фото: әлеуметтік желіден

Екі жыл бұрын қаза тапқан мерзімді қызметтегі сарбаз Алмас Шахимовтың туыстары эксгумация жасатып, алты айдан соң сараптама нәтижесін жариялады, деп хабарлады Orda.kz.

Олардың күдіктері расталып, сараптама нәтижесінде сарбаздың денесінен пышақ жарақаты мен түрлі аяусыз соққылардың ізі анықталған.

Алматы қаласында әскери борышын өтеуге кеткен Алмас Шахимовтың отбасына екі айдан соң қаралы хабар келген. Ол кезде өлімнің ресми себебін жазатайым оқиға деп көрсеткен. Сарбаз оқу жаттығу кезінде өзгелерді қауіпсіз жерге шығаруға көмектесіп, өзі қатты дауылдың әсерінен құлаған метал жабдықтың астында қалып, мерт болды делінген.

«Алғашында бізде көптеген айғақ болғандықтан эксгумация жасатуға қарсы болдық. Алайда әскерилер кейін барлық дәлелді, ұлымның әскери киімдерін, полигондағы бейнежазбалардың бәрін жойды» , – деді Алмастың анасы.

Деректерге сүйенсек уақыт өткеннен соң марқұмның туыстарының күдіктері расталған.

«Мәйіт сараптамасынан оң жағынан үш пышақ жарақаты, қылқындырған іздер, 26 дене жарақаты анықталған. Оның бүйрегін езіп, бас сүйегін сындырып, темекіні арқасына басып сөндірген”, – дейді анасы.

Анасының айтуынша, Алмас бағынышты болған офицер әскерге қабылдана сала жігіттің атына несие рәсімдеткен.

«Алмасты әскерге көзіне ота жасалған соң бірден алып кетті. Олар дәрігерлердің отадан соң жарты жыл физикалық күш салуға болмайды деген тыйымына қарамады. 27 мамыр оны алып кетті. Мамырдың 28-і күні ұлым Алматыға жетті. 29-ында әскери бөлімге жетіп, 30-ында оның атына несие рәсімделген», – деді анасы.

Алмастың отбасы екі жылдан бері әділдік үшін күрескен. Тіпті оларға әскерилердің өзі материалдық өтемақы төлейтінін, ақша, пәтер мен кіші қыздарын оқуға түсіруді ұсынған. Ұлттық гвардия тіпті сарбазға ерлігі үшін марапат та берген.

Алайда жақындары бұл марапаттан бас тартқан. Себебі олар Алмастың шаңды дауылдан өзгелерді құтқару кезінде емес, біреудің қолынан мерт болғанына сенімді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow