Грузия парламенті жаппай наразылыққа қарамастан «Шетел агенті» заңын қабылдап жіберді

Мамыр 2, 2024 - 09:43
Мамыр 2, 2024 - 12:56
Грузия парламенті жаппай наразылыққа қарамастан «Шетел агенті» заңын қабылдап жіберді
REUTERS

Сәрсенбі, 1 мамыр күні Грузия парламенті екінші оқылымда «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын қабылдады. Жобаны 83 депутат қолдап, 23 депутат қарсы болды. 

Енді белгіленген тәртіп бойынша құжат комитетте және жалпы отырыста үшінші оқылымда қаралуы тиіс. 

Заң жобасы талқыланған күні Тбилисиде наразы халық тағы да Парламентке шабуылдады. Грузия ішкі істер министрлігі 30 сәуірде Тбилисиде "шетел агенті" заңына қарсы митинг кезінде 63 адам ұсталғанын хабарлады.

"Бұл күні парламент заң жобасын екінші оқылымда қарап жатқан еді. Тбилисидің орталық көшесіне және парламент ғимараты маңында мыңдаған адам (кейбір ақпараттарда 15 мың адам) наразылыққа шықты.

Қарулы күштері наразыларды сумен атқылап, резеңке оқ атып, көзден жас ағызатын газ шашып таратқан. Желіде тараған видеода арнайы жасақ митинг қатысушыларын ұрып жатқаны байқалады. Митингіге келгендер арасында қанша адам зардап шеккені жайлы ақпарат жоқ. ІІМ мәліметінше, алты полицей зардап шеккен. Наразылық кезінде елдегі негізгі оппозициялық "Біріңғай ұлттық қозғалыс" партиясының төрағасы Леван Хабеишвили де таяқ жеген" деп жазады Азаттық. 

Ел президенті Саломе Зурабишвили наразыларды қолдап, бейбіт наразыларға күш қолдануды сынады. "Бұған үкімет жауапты. Грузия халқы бейбіт митингіге шығу құқығынан айырылды" деп жазды ол Х желісінде. Сондай-ақ ол парламент заңды соңғы оқылымда мақұлдаса, оған вето құқығы қойылатынын мәлімдеген.

Georgia Online жазуынша, «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасында Грузиядағы коммерциялық емес заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдары табысының 20 пайызынан астамы шетелден келетін болса, шетелдік агент мәртебесін алады деп болжануда. Мұндай ұйымдар міндетті тіркеуден өтуі керек, ал егер олар одан бас тартса, айыппұл салынады. Ал Грузияның Әділет министрлігі оларға қатысты тергеу жүргізуге құқылы болады.

Шетелдік агенттер туралы заң жобасы Грузия парламентінде 2024 жылдың 17 сәуірінде бірінші оқылымда қабылданды. Елде заңның талқылануы жаппай наразылықтармен, полицияның қақтығысумен өршіген еді.

Сайтағы мәліметке сүйенсек, Грузияның оппозициялық партиялары мен тәуелсіз журналистері аталмыш заңды Ресейдің 2012 жылғы «шетел агенттері» туралы заңнамасына ұқсағаны үшін «Ресей заңы» деп атайды. Заңды сынаушылар бұл тек тәуелсіз БАҚ пен азаматтық секторға әсер етіп қана қоймай, елдің Еуропалық Одаққа кіру мүмкіндігін де құртуы мүмкін дейді.

АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл заң жобасы «ЕО нормалары мен құндылықтарына сәйкес келмейді және Грузияның ЕО-ға қарай қосылуына кері әсер етеді» деп мәлімдеді.

adyrna.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow