«Бишімбаевқа рахмет айтуымыз керек» - журналист
Енді бұл тәжірибені жемқор шенеуніктердің сотында қолдану керек. Бәлкім сонда ағайын-туысы мен халық алдында қарабет болудан қорқатын жемқорлардың тәбеті сап тиылар ма еді?!
Белгілі журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желідегі парақшасында Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдірді. Ол Болашақтың түлегіне тәнті болғанын жасырмады, деп жазады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
"Экс-министр расымен новатор екен. Болашақтың түлегіне тәнтіміз. Қуандық Бишімбаевқа рахмет айтуымыз керек. Экс-министр расымен новатор екен. Болашақтың түлегіне тәнтіміз. Басын бәйгеге тігіп, бізге демократияға даңғыл жол ашып жатыр. Неге десеңіз, түсіндірейін".
Айтуынша, біздің елде бұған дейін дәл осындай форматта сот отырысы өтпеген.
"Бұған дейін біздің елде онлайн сот деген болмаған. Тек пандемия кезінде және одан кейін азаматтық істер мен әкімшілік сот вацапта өтетін. Ал, резонанс істер жабық есік жағдайында жүріп жатты. Судьялар қандай шешім қабылдаса да өзі білетін. Қоғам бір күн шулап, кейін бәрі ұмытылатын. Осыдан кейін Қазақстанның сот жүйесіне сенім азайып, қара қылды қақ жаратындарға қарғыс көбейген".
Журналист елдің сүйіспеншілігіне бөленген прокурор Айжан Аймағанова туралы да сөз қозғады.
"Алайда «Бишімбаев ісі» бұның бәрін 180 градусқа өзгертті. Тіпті прокурорларды жақтыра қоймайтын қоғам, шинел киген қаршадай қызға қызығып, бір күнде инстаграмына 200 мың подписчик жазылған. Мемлекеттік айыптаушыны мұншалықты жақсы көру бұрын-соңды болмаған еді. Қазір «Бишімбаевтың ісін» онлайнда Қазақстанды қойып шетелдіктер де тапжылмай тыңдап отыр. Мұны көрген әйелсабағыш біраз басбұзардың «духы» сынып қалғаны да жасырын емес. Демек Бишімбаев «әй, пенделер,әйелдеріңді ұрсаңдар, мен сияқты сопақ бастарың салбырап, сотталып кетесіңдер» дегенді тікелей эфирде тәпсірлеп жатыр".
Журналист Бишімбаев сотының ашық өтуінің арқасында біраз нәрсеге қол жеткізгенімізді, сонымен қатар бұл тәжірбиені жемқорларды соттағанда да қолдануымыз керек екенін айтты.
"Қоғамдағы ең атышулы істерді онлайн өткізіп, көптің көзінше соттау үрдісі елімізде кеңінен қолданыла бастады. Өткенде Алматыдағы автобус апатына қатысты іс ютуб арқылы көрсетілген. Бүгіннен бастап Қарағандыда жедел-жәрдем жүргізушісін сабап тастаған сақалдының соты онлайнға ауыстырылды. Яғни, әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген қылмыс бұрынғыдай 1-2 айдан кейін ұмытылып қалмайды. Қоғам алдында жазаға тартылады. Енді бұл тәжірибені жемқор шенеуніктердің сотында қолдану керек. Бәлкім сонда ағайын-туысы мен халық алдында қарабет болудан қорқатын жемқорлардың тәбеті сап тиылар ма еді?! Жегі құртқа айналған жемқорлық @актуальное тақырып емес пе бізде?".
Сіздің реакцияңыз қандай?