Бишімбаев ісі: Мәскеуде жасалған сараптама істен алынып тасталды
Сараптама жасау жөнінде сотқа уақтылы хабар берілмеген.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр.
Бүгін судья Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары жасатқан сот медициналық сараптаманы сот қаулысымен істен алып тастады.
Судьяның айтуынша, сараптама жасау жөнінде сотқа уақтылы хабар берілмеген. Сәйкесінше, сараптама заң бұза отырып жасалған. Еске сала кетейік, 16 сәуір күнгі сотта Бишімбаевтың қорғаушылары өз бастамасымен Мәскеуде жеке сот медициналық сараптама жасатқанын мәлімдеген болатын.
Прокурор Айжан Аймағанова оны істен алып тастау керек екенін алға тартып, судьяға өтініш жолдады.
Прокурордың айтуынша, құзырлы органдар жеке сараптама жасалып жатқанын хабарсыз болған.
Сондай-ақ, сараптама жасаған РФ азаматтарын ешқандай жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Бұл ретте олар жалған сараптама жасауы мүмкін деген күмән бар.
Айта кетейік, ресейлік сарапшылар Салтанат Нүкенованың өлімі 3-4 апта бұрын пайда болған жарақаттан болуы мүмкін деген қорытынды жасаған еді. Ал бұл — қазақстандық сарапшылардың тұжырымдамасына қайшы.
Сіздің реакцияңыз қандай?