800 мың доллар пара алып жатып ұсталған Көкірекбаев ақталып шықты
Көкірекбаев Жамбыл облысының әкімі лауазымдарын атқарған.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы К.Н.Көкірекбаевқа қатысты ақтау үкімін жариялады.
Көкірекбаев топпен аса ірі мөлшерде бірнеше рет пара алды деп айыпталған болатын.
Көрсетілген соттың үкіміне прокуратура оның күшін жою туралы апелляциялық өтінішхат келтіреді, – деді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
2022 жылғы желтоқсанда Кәрім Көкірекбаевтың пара алу кезінде ұсталғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеген еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылдың желтоқсанында Көкрекбаевты тұтқындау кезінде 396 миллион теңге тәркілеген. Тергеу мәліметінше 800 мың доллар “Қазселденқорғау” басшысы мен оның орынбасары Әділет Ахатаевқа арналған. Сонымен қатар Bazis Construction Infr ЖШС директоры Андрей Поплавский де ұсталған еді. Тергеу дерегіне сәйкес ақшаны Поплавский төлеген, себебі оның компаниясы “Қазселденқорғау” мекемесінен ондаған миллиард теңгенің тендерін жеңіп алған.
Іс сотқа 2023 жылдың шілдесінде түсті, сонымен қатар Көкрекбаевтың өтініші бойынша іске алқабилер де қатысқан. Оны ақтап алу туралы үкімді де алқабилер шығарған.
Нәтижесінде Көкрекбаевтың орынбасары Әділет Ахатаев пен Bazis Construction Infr ЖШС директоры Андрей Поплавский 11 жылға сотталды.
Көкірекбаев «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшылығына 2019 жылғы тамызда келген. Бұған дейін 2018-2019 жылдары Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2013-2018 жылдар аралығында Жамбыл облысының әкімі лауазымдарын атқарған.
Сіздің реакцияңыз қандай?