«Бес жұлдыз Кеңес өкіметінің белгісі емес» - Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков
Елтаңбаларды ауыстыру үшін бір жылдың өзінде 7-8 млрд теңге жұмсаймыз.
Президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жиынында Қазақстанның Елтаңбасын өзгертуді ұсынып, жаңа жобасын жасауға ашық байқау жарияланатынын хабарлады.
Мемлекет басшысы: «Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді.
Алайда, қоғамда, әлеуметтік желіде бұл ұсынысты құптамағандар да кездесті. Көпшілігі «Басқа да атқаратын шаруа көп. Және бұған тағы да қыруар қаржы жұмсалады» деген пікірде.
Тарихқа кері шегінсек, 1992 жылы қаңтарда мемлекеттік рәміздерге қатысты байқау жарияланғанда Ташкентте жобалау инситутының бас архитекторы болып жұмыс істеп жүрген Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫ бір айдан кейін өз нұсқасын жасайды. Байқауға келіп түскен 300-ге жуық жобаның ішінде 173-болып тіркеледі. Бұл нұсқаға Жоғарғы кеңес депутаттарының кейбірі қарсылық білдіріп, бірі: «Киіз үй керек емес, ескі заманды еске түсіреді», – десе, екіншісі: «Қошқар мүйіз – көшпелі деген мағынаны білдіреді», – деген. Тағы бірі бес жұлдызды кеңес одағының белгісі деп түсінген.
Алайда, Мәлібековтің бұл идеясына 266 депутаттың 237-сі қолдап дауыс беріп, 1992 жылдың 4 маусымында мемлекеттік Елтаңба ретінде бекітіліп, қабылданады.
Жандарбек Мәлібекұлының айтуынша, төрде қазақтың үкілі домбырасы тұруы керек, содан кейін тобылғыдан жасалған 16, 32 өрім қамшы, ал кереге алты қанатты үйдің бір қанаты ретінде қолданылды. Ол елтаңбадағы тұлпар бейнесін 7 сақинамен біріктірудің философиясы тереңде екенін айтып: «Жеті сақина – тектіліктің таңбасы. Қазақ халқы жеті атасын біліп, жеті атаға дейін қыз алыспаған. Заманауи қазақ архитектурасын осындай таным-түсінік негізінде жаңғырттым», – деген елтаңба авторы.
NEGE тілшісі елтаңбаның авторы, белгілі архитектор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Мәлібекұлының өзіне хабарласты.
– Жандарбек Мәлібекұлы, қоғамдағы сыни пікірлерге орай елтаңбаны өзгертуді ұсынды. Сіз не дейсіз?
– Неге ауыстырғысы келіп жатқанын білмеймін. Қазіргі елтаңбада қазақи, ұлттық, мемлекеттік мүдденің белгісі көрсетілген. Егер ішінде бір-екі нәрсені бүгінгі заманға сәйкестендіріп өзгерту керек десе, түзету енгізуге болады
– Біраз адамға төбесіндегі бес жұлдыз ұнамайтын көрінеді...
– Сол бес жұлдыз ұнамай, сылтауратып отыр ғой. «Кеңес үкіметінің белгісі» көреді. Бірақ олай емес.
– Жаңа жоба жасауға ашық байқау жарияланса, қатысасыз ба?
– Қазір ештеңе айта алмаймын. Өз уақытында көреміз. – Бұл шешімге көзі тірі болса, Шота Уәлиханов не деуі мүмкін еді?
– Шотаның бұған ешқандай қатысы жоқ. Көзі тірісінде де қатысы болған жоқ. Жобаны Ташкентте жұмыс істеп жүргенде жібергем. Ол кезде оны танымаймын да. Менің жұмысым өткеннен кейін қағазға қосып жіберген.
Санжар БОҚАЕВ, қоғам белсендісі: Елтаңбаны ауыстыруға 10 млрд теңге керек
– Диаметрі 50 сантиметрлік елтаңбаның біреуі 70 мың теңге тұрады. Одан үлкенірек, мемлекеттік органдарға ілінетін диаметрі 1 метрлік Елтаңба – шамамен 140 мың теңге. Мемлекеттік мекемелердегі, орталық және жергілікті атқарушы органдардағы біздің шенеуніктердің кабинеттеріндегі, одан бөлек дәл осындай бюджеттік мекемелердің ғимараттарындағы Елтаңбаларды ауыстыру үшін бір жылдың өзінде 7-8 млрд теңге жұмсаймыз.
Одан бөлек, біз бланкалардың бәрін, мекемелердің, елшіліктердің ғимарат, қағаздары бәрі Елтаңбамен тұр. Оның бәрін ауыстыруға тағы да 2-3 млрд теңге керек. Елтаңбаны ауыстыру үшін бюджетке жалпы сомасы 10 млрд теңгеден астам шығын келуі мүмкін. Бізге дәл қазір осындай шығынның не керегі бар?
Сіздің реакцияңыз қандай?