Белгілі ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы өмірден өтті
Алла алдынан жарылқасын!
Белгілі түркітанушы, ғалым, қазақ түркітануында қайталанбас тұлға Қаржаубай Сартқожаұлы дүниеден өтті, - деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы этнограф-журналист Бекен Қайратұлы жазды.
"Қазақтың аймаңдай азаматы, жанкешті ғалым, ұлтының жоғын жоқтап, жыртығына жамау болған үлкен түрколог - ғалым Қаржаубай ағамыз бақиға аттанды. Алла алдынан жарылқасын! Туған-туыс, ағайын-жұртқа және жеңгеміз Жәлейге көңіл айтамын! Қобда бетінің қазақтары арысың аттанды, Алла панасына алғай!", - деп жазды Бекен Қайратұлы.
Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылдың 22 наурызында Моңғолияның Бай-өлке аймағында дүниеге келген. 1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін, 1985–1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасын тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын мектепте ұстаздықтан бастап, Моңғолияның тарих институттарында аға ғылыми қызметкер, директор лауазымдарын атқарған. Моңғолияның саяси билігінде 10 жылдай түрлі салада қызмет атқарған. Кейін Отанына оралып, 2001 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қызметте. 2010 жылдан бастап аталған университеттің Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры. Тарих ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы. Халықаралық Шыңғысхан Академиясының академигі, Ататүрік атындағы Халықаралық Түрік тарих құрымының (академиясының) мүшесі.
Естеріңізге сала кетейік, Қаржаубай Сартқожаұлы SADAQ MEDIA YouTube-арнасында қонақта болып, білгенімен бөліскен еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?