Баянауылдағы алапат өрт 6 мың гектар аумақты шарпыды
Кеше Қарағанды облысының аумағында басталған дала өрті Павлодар облысындағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына өткен еді. Тілсіз жаумен күресу мақсатында өңірде жедел штаб құрылды, деп хабарлайды Sadаqmedia.kz ақпарат порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Табиғи парк аумағындағы өрт 6 мың гектарды құрады. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың сөзінше, қалың өскен шөп пен жылдамдығы секундына 12-15 метрге дейін жететін екпінді желдің салдарынан жағдай күрделеніп отыр. Соған қарамастан, өрт ошақтарын жою орнында өңірлік жедел штабтың отырысы өтіп, дереу түрде қолға алынатын істер анықталды. Қазіргі уақытта өрт оқшауланды. Ендігі ретте оны жою жұмыстары жалғасуда.
Тілсіз жаумен күреске 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмылдырылды. Оқыс оқиғаның салдарынан зардап шеккендер жоқ.
"Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі - шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі. Сондықтан, барлық шаруа қожалықтарынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар қоюды, қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын", - деді аймақтың басшысы Асайын Байханов.
Асайын Байхановтың телеграм-арнасынан
Еске сала кетейік, кеше күндіз қызыл жалын Қарағанды облысынан көршілес жатқан Баянауыл ауданына өткен кезде қауіп төніп тұрғын Желтау елді мекенінің азаматтары бірден эвакуацияланды. Ауылдағы 18 адам, оның ішінде 8 бала қауіпсіз жерге көшірілді.
Сіздің реакцияңыз қандай?