«Бассыздық іс-әрекеттерін үдете түсті»: Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы Тоқаевтан көмек сұрады

Халықтың сенімінен шықпақ түгіл, өзінің жасап отырған бассыздықтарының нәтижесінде кішкентай ғана ұжымның арасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың өзі шиленісіп, университет жұмысы жайына қалды.

Маусым 24, 2024 - 22:07
Шілде 1, 2024 - 14:48
«Бассыздық іс-әрекеттерін үдете түсті»: Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы Тоқаевтан көмек сұрады
Фото: dereksiz.org
Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ардагерлері,  оқытушы-профессорлар құрамы мен жастары оқу ордасының ректоры Ж. Темірбекованың іс-әрекетіне шағымданып, Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, - деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
"Еліміздің рухани орталығы – Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры  Ж.Темірбекованың тікелей іс-әрекеттерінен туындаған күрделі моральдық-психологиялық ахуалдың, шиеленіскен әлеуметтік мәселелер мен қалыптасқан бассыздық туралы университет ұжымының наразылығын жолдаймыз.  
Біз ғалымдар атынан бұл наразылығымызды жазбас едік, бірақ Ж.Темірбекова өзінің жұмыс барысындағы кемшіліктерін түзетудің орнына, қайта өзінің бассыздық іс-әрекеттерін үдете түскендіктен жазуымызға тура келді. Себебі біз азаматтық тұрғыдан қарап, Түркістан облысының азаматтары ретінде, мұндай заңсыз бассыздықтарға жол беруге арымыз жетпеді.  
Университет Түркістан облысындағы жалғыз халықаралық дәрежедегі жоғары білім ошағы.  Жаңадан құрылған, бір жарым миллионнан астам халқы бар облыс жұртшылығы мен университет ұжымы Ж.Темірбекова ректор болып келгенде  үлкен үміт күтті. Өйткені, университет облысымыздың әлеуметтік-экономикасының дамуында Локомотив болуы керек еді. 
Бірақ, бүгінгі таңда университет басшысы Ж.Темірбекова осы халықтың сенімінен шығы алды ма?  Әрине жоқ! Масқара болып отыр. Халықтың сенімінен шықпақ түгіл, өзінің жасап отырған бассыздықтарының нәтижесінде кішкентай ғана ұжымның арасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың өзі шиленісіп, университет жұмысы жайына қалды. Тек университет қызметкерлерімен соттасумен, әртүрлі орынсыз қорқыту қағаздарын жазып, ұжым арасында таратумен күнін өткізіп жүр. Мұндай бассыздықтың басты себебі Ж. Темірбекованың жоғары білім ордасын басқаруға қабілетсіздігі, ғылым мен білім саласының жұмысын түсінбейтіндігі мен кәсіби тәжірибесінің жоқтығы.
Бұған қысқаша дәлел ретінде айтарымыз:
1. Бұл наразылығымызды жазуымызға басты себеп болып отырған, университет құрылған күннен бастап жұмыс жасап келе жатқан, 40-тан астам жастарды ғылымға тартып, докторлық, кандидаттық, масгистрлік диссертацияларын қорғатқан, қазіргі таңда университетіміздегі тәжірибесі мол техника саласынан қорғаған жалғыз қалған кеңес одағының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану академиясының академигі, ғылыми мектебі қалыптасқан «Ғалымды», «Экология» ҒЗИ-ң директоры, А.Ж.Ақбасованы қудалауы бізді қатты қынжылтты. Ғалым Самрұқ-Қазынаның тапсырысымен «СКЗ-U», «SSAP» күкірт қышқылын өндіретін зауыттардың қалдықтарынан инсектицидті-фунгицидті-акарацидті препараттар, тыңайтқыштар, азықтық қоспа, т.б. өнімдерді алудың инновациялық технологияларын жасаған, сонымен қатар Қ.А. Ясауи кесенесінің және басқада сәулеттік-археологиялық ескерткіштерді коррозиялық процестерден сақтау жолдарын ұсынған. Осы жетістіктерге ие ғалымды заңсыздыққа итерген, яғни толық ставкідегі Алматының, сәйкесінше, ҚазҰУ-де, ҚазҰТЗУ қызметкерлері Тастамбек Қуаныш пен Қосалбаев Бекжанды ректор университеттің постдокторантурасына  түсіріп, бірде-бір күн жұмысқа келмесе де,  8 сағат Түркістанда болды деп жалған табельді толтырмағаны үшін, ғалым мен ҒЗИ қызметкерлерінің соңына түскен (дәлелдеуші құжаттар бар). Бұл дегеніміз анық бассыздық демей не деуге болады? 
Университетімізде осылар сияқты «өлі жандардың» қаншауы жүргенін атап айта аламыз. Мысалға, тек, қолымыздағы құжаттарға сүйенсек, Психология және педагогика кафедрасында, вице-ректор А. Ошибаеваның күйеуі - Алнур Ошибаев, Жаратылыстану институтының директоры Нұғман Аралбай, халықаралық қатынастар департаментінде Мәуленқұл Тілектес, Аман Раушан, Асан Айнурлар жұмысқа келмесе де  табель жүргізіліп, айлық алып жатыр (дәлелдеме құжаттарымыз қолымызда). Осындай  «өлі жандардың» қаншасы басқа бөлімдерде бар әлі?  
2. Ж. Темірбекова ғылым мен білімнен хабары жоқ А. Ошыбаева мен Г.Байсенкүл бастаған бірнеше азаматтарды  өзімен бірге әкеліп бүкіл университеттің жұмысын құлдыратып жіберді. Тек, Г.Байсенкүл мен Ошибаеваның кадр, ғылым мен шаруашылық саласындағы заңды белшесінен басып жасап жатқан былықтары шаш етектен (дәлелдеме құжаттарымыз қолымызда). 
Ж.Темірбекова бастаған топтың заңсыз іс-әрекеттерінен   университетімізден 120-дан астам алдыңғы қатарлы, тәжірибелі ғалымдарымыз (докторлар мен ғылым кандидаттары, PhD-докторлар), жас мамандарымыз   қудалауға түсіп, басқа білім ордаларына ауысып кетті. Ата бабаларымыздың «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегеніндей, білікті мамандарға қолайлы жағдай жасалса, боранды күні босқан киіктей кетпес еді-ау деген өкініш өзегімізді өртейді. 
3. Халықаралық жоғары дәрежедегі университетте бірде-бір ғылыми кеңестің болмауы нені көрсетеді? Келген ректор мен оның адамдарының ғылымның не екенін білмейтінін сипаттайды. Жоғары оқу орнында білім мен ғылым бірінші назарда болуы керек. Жаңадан ғылыми кеңестерді көбейтудің орнына бұрынғыларды сақтап қалмай жаптырып тастаған. Ғылыми кеңестер болмауына қарай қорғамаған докторанттардың саны күннен-күнге көбеюде. Сонымен қатар қорғаймын, ғылымның дамуына үлесімді қосайын деген жастардың саны жоқтың қасы, себебі соңғы кезде басшылар докторантураға өздеріне жақын, болашақ ғалым болуға талпынысы жоқтарды докторантураға қабылдауды жүзеге асыруда. Вице-ректор А.Е.Ошибаева, төмен айлық алғанша 3 жыл бойы жоғары стипендия алсын деп, мамандықтарын назарға алмай, қай салада орын бар соған таныстарын докторантураға орналастырып, қорғамайтындардың санын жасанды түрде көбейтуде. (дәлелдеме құжаттар бар). Университеттегі ғылыми жетістіктер тек қағаз жүзінде, ғылым жетістіктері туралы берілетін мәліметтер шындыққа жанаспайды.  «Ғылым Қоры» АҚ-ы арқылы коммерцияландырудың грантық жобаларының қаражаттары да мақсатсыз жұмсалған. Жоба бойынша атқарылатын жұмыстардың 10%-да орындалмаған. «Ғылым Қоры» АҚ-на берілген ақпараттары жалған (дәлелдеме құжаттарымыз қолымызда). 
4. Ж. Темірбекованың ең сорақы іс-әрекеті, өзінің өкілеттілігін асыра пайдаланып, соңғы үш жыл көлемінде университеттің екі мыңға жуық  қызметкерлері мен жұмысшыларының кезекті еңбек демалысына шығар кезінде денсаулығын түзеуге   берілетін «Емделу жәрдем ақысын» бермеуі мен  өзімен еріп келген адамдардың жалақыларын негізсіз заңсыз 2-3 есеге дейін өсіріп, жалақы беруі.   Сонда бұны анық бассыздық демей не деп айтуға болады?
5. Оқу процесінде де заңсыздықтар жетерлік. Бірғана мысал, Университеттің спорт және өнер факультетіне  әр жылы 20-30 квота бөлініп, оған алдын ала спортшы деген жалған құжаттар дайындап, оларды квотаға қабылдайды. Онымен қоймай квотаға қабылданған  студенттер  мүлдем сабаққа келмейді. Соның осындай заңсыз іс-әрекеттің  салдарынан  жүзге жуық студенттер сабаққа мүлдем қатыспайды.  Елуге жуығы мүлдем 1-2 оқу жылдарында университеттен қол үзген, өйткені олардың пән қарыздары отызға жеткен.  
6. Ж.Темірбекованың ең сорақы іс-әрекетінің бірі,  2023 жылы қараша айында университеттің №3 оқу ғимаратының жертөлесіне майнингтік құрылғылар кешенінің (криптавалюта жасау үшін) орнатылуы.   Сонда білім ғылым ордасы не  болғаны? Басшылықтың өз міндеттерін жинап қойып, ашыққаннан, құныққан жаман демекші, университетте криптавалюта жасаумен айналысуы масқара қылмыс емес пе? (Дәлелдеме  түсірілімдері қолымызда).
7. Түркістан қаласына (тұрғындарына) қызмет етіп тұрған университеттің «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін» жауып тастады. Экспозициясы тас–талқан бұзылды. Қазақ түркологиясы басында тұрған ұлы ғалым Бейсембай Кенжебайұлына арнап ашылған Әлемдегі тұңғыш түріктану музейі сөйтіп тас-талқан етілді. Мұны ұжым «вандализм» деп қабылдап отыр. Жұмыс істеп тұрған музейді жабу не үшін керек болды. Университет басшылығының ол ғимаратта IT орталығын ашпақ жоспары бар екен. Ғимараттың университет қалашығынан тыс дербес орналасуы, бәлкім криптавалюта жасау үшін қолайлы болады деп шешкен болар.
8. Тағы бір сорақы іс-әрекеттердің бірі - университетте біздің заңдарымызға, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне жат бағыттағы (ағымдағы), бүркемелік атаулармен орталықтардың құрылып жұмыс жасайтындығы (олардың ашылуы әлеуметтік желілерінде жарияланған, оған наразы болған ректор өкілінің хаттары бар. ЛГБТ). Университетте шетелдегі осы сияқты ұйымдармен байланысы бар және қазақ-түрік елінің мәдениетіне қайшы ұстанымдағы студенттік «ENACTUS», «ENACTUS YASAWI» және «Y-PEER»  клубтар ашылып, олардың қаржыландырылатыны айтылған (дәлелдеме  құжаттар қолымызда). Бұл не деген масқара?
9. Университеттің бухгалтериясы мен қоймасында сәйкессіздіктер мен заңсыздықтар етек алған, атқарылатын бірдей жұмыстарға әртүрлі ақы төленеді. Мердігерлер тарапынан мүлдем орындалмаған, көрсетілмеген қызметтеріне, әрі аяқталмаған сапасыз қызметтеріне толық қаржы төленеді.  Мұндай заңсыздықтар жетерлік.
Қорытындылай келе, Ж.Темірбекованың жоғарыда атап өтілген заң бұзушылық әрекеттерінен бөлек, қолымызда тағыда бірнеше дәлелді фактілеріміз бар. Біз оларды  жоғарыда атап өтілген фактілермен қатар тексеріс барысында қолма-қол береміз.  
  
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Университет ұжымы осы мезгілге дейін педагогикалық әдептен аттамай, шыдамдылық танытып, Ж.А.Темірбековамен  бірге жұмыс жасауға әрекеттендік. Әйтседе, өкінішті жағдай біздің бұл ілтипатымызды  Ж.Темірбекова мүлдем түсінгісі келмейді. Ол өзінің осындай бассыздық іс-әрекеттерімен жұмысын жалғастыра бергісі келеді. Өзіңіз айтқандай, Түркістан – еліміздің   рухани орталығы. Біз мұндай киелі жерімізде бассыздыққа жол беруге тиісті емеспіз. 
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сізден университет ұжымының атынан сұранатынымыз, арызымызда көрсетілген  Ж.Темірбекованың заң бұзушылық іс-әрекеттеріне тікелей өз бақылауыңызға алып, құқық қорғау органдарына тікелей тапсырма беріп, тексертіп, қорытындысымен қатаң шара қолдануыңызды сұраймыз. 
Құрметпен,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ардагерлері,  оқытушы-профессорлар құрамы мен жастар атынан".
Айта кетейік, аталмыш хатта 20 профессор оқытушылардың қолы бар. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow