«Балық пен құс та өліп жатыр»: Маңғыстауда қырылған итбалық саны мыңнан асты

Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласы мен Баутин ауылы тұрғындары теңіз жағасында тек итбалық қана емес, құстар мен бекіре балықтардың қырыла бастағанын айтады.

Қараша 12, 2024 - 15:24
Қараша 12, 2024 - 15:34
«Балық пен құс та өліп жатыр»: Маңғыстауда қырылған итбалық саны мыңнан асты

Маңғыстау облысында теңіз жағасында тағы да 300 итбалықтың өлексесі табылды. Осылайша, айналасы аз уақыттың ішінде қырылған итбалықтардың саны мыңнан асты.

Бұған дейін Азаттық радиосы Маңғыстау облысының Қарақия және Түпқараған аудандарында Каспий теңізі жағалауынан 300 итбалық өлексесі табылғанын жазған болатын. Кейін тағы Қарақия ауданындағы Құрық портына дейінгі аумақтан 115, Түпқараған ауданындағы Қызылөзен ауылынан Форт-Шевченко қаласына дейінгі аралықтан тағы185 итбалық өлексесі табылғаны белгілі болды. Оларды жергілікті атқарушы органдар жинап алып кетен.

Көптеген итбалық тастар арасында, қол жетпейтін қиын жерлерде жатқандықтан, оларды жинау жергілікті атқару органдарына қиынға соғып отыр. Техника ол жерлерге бара алмайды, сондықтан әр өлексені жаяу барып, қолмен жинау керек. Бүгінге дейін 1034 өлексе табылып, акт толтырылды. Жартысынан көбі жиналды, – деп атап өткен. Азаттық сөйлескен Маңғыстау облысы бойынша балық қорғау инспекциясы басшысы міндетін атқарушы Андрей Руцкий. 

Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласы мен Баутин ауылы тұрғындары теңіз жағасында тек итбалық қана емес, құстар мен бекіре балықтардың қырыла бастағанын айтқан.

Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтың жаппай қырылуына табиғи апат, теңіздің ластануы, індет себеп болуы мүмкін деп отыр. 

Белсенді Сырғалай Меңдібай итбалықтардың өліміне балықшыларды кінәлағандарға жауап берді.

«Балықшылардың ауына ілініп өліп жатыр деп кінәлайды. Мына жерде олардың ешқандай ауға шатысып өлмегені көрініп тұр», - дейді белсенді. 

Өткен аптада Алматыдағы Микробиология және вирусология институты қызметкерлері Маңғыстауда табылған үш итбалық өлексесінің сынамасын алып кеткен. Олар "итбалықтар жұқпалы аурудан өлді ме?" деген сұраққа жауап іздеп, соның себебін анықтайды. Зертхана нәтижесі екі аптадан соң, қарашаның аяғында белгілі болмақ.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow