Атырау мен Ақтөбеге төнген қауіп әлі сейілген жоқ
Қостанай облысында да Тобыл өзенінің тасу қаупі әлі азаймаған. Әкім тұрғындардан эвакуацияға дайын болуды ескерткен.
Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Қарғалы өзенінің деңгейі көтерілуіне байланысты өзен бойындағы бірқатар бау-бақша ұжымдарына қауіп төніп тұрғанын айтып мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ әкім тұрғындардан эвакуацияға дайын болуға шақырды, деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
"Су өзен арнасынан асып, Қарғалы алабына жақын орналасқан Сейсмик, Нефтяник, Эко, Солнышко, Гауһар сияқты бірнеше бау-бақша ұжымдарына жайылып келеді. Бұл жерлерде қазір жағалауды топырақпен бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ өзен таситын болса, мұның өзі жеткіліксіз. Әрі ертең нөсер жауын күтілуде. Бұл қазіргі жағдайды қиындата түсетіні анық. Сондықтан тұрғындардан эвакуацияға келісім беріп, үйлеріңізді алдын ала тастап шығуды сұраймын", – деді Азамат Бекет.
Қарғалы су қоймасы 95 пайыз толған.
"Қарғалы су тоғанында 95%-ға су жиналып тұр. Эксплуатация бойынша 350 текше метр суды жіберіп жатырмыз. Қарғалы өзенінің деңгейі көтерілуі мүмкін. Дәл қазіргі сәтте ауа райы құбылып, жаңбыр жаууына байланысты су қоймасы қосымша ашылады. Ол өзен суының деңгейі арнасынан асуына әкеледі деген болжам бар", – деді су шаруашылығы мамандары мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, Атыраудағы жағдай да әлі күрделі. Қазіргі таңда Жылыой ауданында өзен арнасын бұру үшін Жем өзеніндегі жасанды бөгеттерді бұзу жұмысы жүріп жатыр. Жылыой ауданында 26 467 тұрғын, оның ішінде 5 976 бала эвакуацияланған. Әкімдіктің мәліметінше, Құлсары қаласында 2810 тұрғын үй мен инфрақұрылымды су басты.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, Жем өзенінен елді мекендерге қауіп төндірмес үшін жасанды бөгеттерді бұзу қолға алынған.
"Жылыой ауданына төнген қауіпті сейілту мақсатында Жем өзенінің сағаларын ашып жатырмыз. Бұл маңда кезінде көптеген шаруа қожалықтары суды жинап алу мақсатында ағыс көзін бітеген. Жасанды бөгеттер тұрғызған. Бұл Жем өзенінің өз арнасымен ағуына ағып кетуіне үлкен кедергі келтіріп отыр. Сол себептен бітелген сағадарды ашу үшін жасанды бөгеттерді бұзу қолға алынды", – деп хабарлады Қайрат Нұртаев.
Қостанай облысында Тобыл өзенінің деңгейі көтерілуі ықтимал. Сарапшылардың болжамы бойынша, түнде 825 см-ге дейін көтеріледі, бұл 600 см нормадан көп көрсеткіш.
ҚазАвтоЖолдың мәліметінше, Тобыл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Р-38 «Қостанай-Жақсы-Қарабұтақ-Қостанай» тас жолының 4 шақырымын су шайып кеткен.
Тасқын ауданы 300 метр, ал биіктігі 40 см құрады.
Қазіргі таңда еліміздің 10 өңірінде Төтенше жағдай жарияланып отыр. Олар: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО және Ұлытау облыстары.
ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалиннің айтуынша, құтқару операциялары өте қиын жағдайда өтіп жатыр.
Қазір Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 391 жеке тұрғын үй, 1059 саяжай үйін, әртүрлі мақсаттағы 79 нысанды су басып қалды. Қазіргі уақытта жалпы күштердің көмегімен 63 927 адам құтқарылып, эвакуацияланды. Олардың ішінде 45 адам мүгедектігі бар адамдар. 15 283-і бала. Уақытша орналастыру орындарында 13 328 адам бар. Оның ішінде 6 742 бала бар. Аталған адамдардың бәрі де тұрмысқа қажетті заттармен қамтылған. Психологтар жұмыс істеп жатыр, – дейді Қаһарман Оразалин.
Сонымен қатар, қауіпсіз жерге 10 608 бас мал айдап апарған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сіздің реакцияңыз қандай?