Астананың іргесіндегі Қоянды ауылын су басып, халық жолды жапты

Соңғы бірнеше күнде ауылда қар күрт еріп, үйлерге кіре бастаған.

Наурыз 27, 2024 - 11:28
Наурыз 27, 2024 - 11:30
Астананың іргесіндегі Қоянды ауылын су басып, халық жолды жапты
фото: видеодан скриншот

Ақмола облысы Қоянды ауылының тұрғындары 26 наурызда биліктің назарын су тасқынына аудару үшін жолды жауып тастады, деп хабарлады Sadaqmedia.kz.

Целиноград ауданы әкімдігінің сайтында хабарланғандай, кеше сағат 20:40 шамасында Қоянданың 50-ге жуық тұрғыны ауыл әкімдігінің маңындағы жолды жауып тастаған.

«Жергілікті тұрғындар су тасқынының алдын алу шараларына назар аударту мақсатында жиналды. Аудан әкімі Оспанбеков пен облыстың ТЖД басшысы Доспаев оқиға орнында жиналғандармен кездесіп, мәселені түсіндірді», – делінген хабарда.

Сағат 22:00-ге қарай барлық жол ашылып, ауыл тұрғындары тарай бастаған. Әкімдіктің мәліметінше, қазір Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген шаралар жүргізілуде. Ауыл көшелерінен 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды.

Ведомство өкілдері қар шығаруға 10 инженерлік және арнайы техника жұмылдырылғанын қосты. 9,5 мың метр арықтар мен каналдар, 46 су өткізгіш құбырлар тазартылды. 35 мың текше метрден астам еріген су сорылды.

«Автомобиль жолдарын жабу сияқты заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз», – деп еске салды әкімдік өкілдері.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow