Алматыдағы автобус апатына қатысы бар күдікті сотта соңғы сөзін айтты
22 желтоқсанда болған жол апатында 3 адам қайтыс болды.
Алматыда үш адамның өмірін жалмаған автобус апатына қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Күдікті Ахмеджанов, сотта өзінің тек «бұзақылық» бабы бойынша кінәсін мойындады. Және соттан кәмелетке толмаған үш баласының бар екенін және бірінші рет құқық бұзып тұрғанын ескеруін сұрады.
«Жүргізуші мені автобуста отырған адамдардың көзінше балағаттап, көліктен шығармай қойды. Бұл - арандату. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі бойынша өз кінәмді мойындаймын. Ал Қылмыстық кодекстің 351-бабы 3-бөлігі бойынша кінәмді мойындамаймын, өйткені Шокебаева есінен танып қалған жоқ. Оның автобусты тоқтатуға мүмкіндігі болды. Соттан кәмелетке толмаған үш балам бар екенін және бұл менің бірінші рет құқық бұзуым екенін ескеруін сұраймын.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айырусыз жаза тағайындауды сұраймын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 351-бабы 3-бөлігі бойынша мені ақтауыңызды сұраймын. Барлық зардап шеккендерден шын жүректен кешірім сұраймын», - деді Ахметжанов.
Еске салайық, Алматыда автобус бір топ адамды қаққан еді. Полицияның мәліметінше, №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.
Сіздің реакцияңыз қандай?