Алматыда қарын майын алдырамын деп барған мұғалім жеке клиникада қайтыс болды

Әпкемізді жерлеген күні келіп, жездеме конверт ұсынған, бірақ ол қолдарын қағып жіберіп, конвертті алмай қойды.

Шілде 10, 2024 - 17:20
Шілде 10, 2024 - 17:37
Алматыда қарын майын алдырамын деп барған мұғалім жеке клиникада қайтыс болды
Фото: Pixabay.com

Алматыдағы жеке хирургия және косметология клиникасында қарынның артық майы мен терісін алдыру операциясынан кейін 46 жастағы әйел көз жұмды. Марқұмның туыстары сап-сау келіншектің қазасына дәрігерлердің салғырттығы себеп болғанын айтады. Олар құқық қорғау органдарынан әділ тергеу жүргізіп, кінәлі адамдарды жазалауын талап етеді, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Көз жұмған Құралай есімді келіншектің сіңілісі Гүлнәр Батырханның айтуынша, клиниканың қызметкерлері бір айдан астам уақыт бойы оның әпкесімен сөйлесіп, операцияның оңай екенін айтып, көндірген.

Марқұмға 5 шілде күні таңғы сағат 8:00-де ота жасалған.

«Бұл операцияның қауіпті екенін білмедік. Дәрігер екі сағаттан кейін аяғыңа тұрып кетесің, түскі сағат 12.00-ге дейін жата тұрасың, сағат 14.00-де  күйеуің келіп алып кетеді деген. Шындығында, анау айтқандай оңай операция емес. Мен кейін не екенін білгім келіп, іздендім. Бұл өте қиын отаның бірі. Ең бірінші жүректі қадағалау қажет. Бірақ әпкеме кардиологтың кеңесі берілмеген, оның қорытындысы мүлде жоқ. Жүрегін тек қана аппаратқа түсіріп, сол сәттегі қағысын анықтап берген. Ал жүректе ақау барын тек нақты маман айта алады. Клиниканың дәрігері форс-можор жағдайын мүлде ескертпеген. Немқұрайлы қараған, тек бизнес мүддесін ойлап тұр ғой. Артық салмақтан арыласыз деп қызықтырған. Бармауына қоймай 25 маусымнан 5 шілдеге дейін байланыс ұстаған, үнемі қоңырау шалған. 5 келі, 20 келі тастайсыз деп, басқа клиенттерінің фотоларын жіберіп еліктірген. Тіпті көктемде әлі-ақ саныңызға операция жасатуға келіп тұрасыз дегенді айтқан. Адамды сүйрелеп апарып тұр ғой», - дейді Гүлнәр Батырхан.

Құралайға 5 шілде күні Алматыдағы хирургия және косметология клиникасының негізін қалаушы дәрігердің өзі ота жасаған.

«Ол операциядан шыққан соң сағат 11.42-де күйеуіне жағдайының нашар екенін айтып хабарлама жіберген. Содан кейін байланыс үзілді. Кешкі сағат 20.00 шамасында біз шулап, клиникаға бардық. Сағат кешкі 23.00-де өлімін естіртті. Есімізді жиғанша болмай мәйітханаға алып кеткен. Көріп үлгірмедік. Әпкемді 7 шілдеде жер қойнына тапсырдық. Ертеңіне адвокатпен жолықтық. Соған дейін құқық қорғау органдарынан бір адам келіп, бізден «арыз жазасыз ба, шағымыңыз бар ма» деген жоқ. Дәрігерлерді де тергемеген», - дейді марқұмның сіңілісі.

«Қазір Қылмыстық Кодекстің «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» 317-бабы бойынша іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның қорытындысын күтеміз. Жәбірленушіге алдын-ала миокард инфарктісі деген диагноз қойылып отыр. Егер адам көшеде, үйде, аялдамада инфаркт ұстаса, оған жедел-жәрдем келгенше біраз уақыт өтетіні белгілі. Ал бұл маманданған медициналық мекемеде болып тұр. Басты сұрақ: адамды құтқару үшін дәрігерлер қандай шара қолданды, ол қаншалықты талапқа сай болды? Бұлар сотқа дейінгі тергеуде анықталатын болады. Іс Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция басқармасында қаралып жатыр», - деді адвокат Дмитрий Перцев.

Гүлнәр Батырханның сөзінше, клиниканың дәрігерлері ештеңе болмағандай, әлеуметтік желіде жарнамасын жасап, операцияларын жалғастырып отыр.

«Дәрігерлер кешірім де сұраған жоқ. Әпкемізді жерлеген күні келіп, жездеме конверт ұсынған, бірақ ол қолдарын қағып жіберіп, конвертті алмай қойды. Содан кейін дәрігерлердің қарасы батты», - дейді марқұмның сіңілісі.

Құралай Алматыдағы мектепте 25 жыл үзбей еңбек етті. Ұлағатты ұстаз, үш баланы тәрбиелеп өсірген ана жақында 47 жасқа толар еді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow