«Алладан сұраңыз»: Бозымбаев келесі жылы су тасқыны болмайды деп нақты айта алмады
Қазірге дейін 67 мың адам өз үйіне оралды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев елімізде келесі жылы су тасқыны болмайды деп нақты айта алмады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алдымен вице-премьер отставкаға кетуге қорықпайтынын жеткізді.
«Біріншіден, менің тәжірибем бар. Сондықтан отставкаға кетуге дайынмын. (...) Қазір біз баспанасыз қалған адамдарды үймен қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Екіншіден, апатты алдын ала болжайтын жүйені жасауға назар аударып жатырмыз. 2 мәселені биыл қолға алып, тиісті министрліктерді қамтамасыз етіп, бәрін жасасақ, су тасқыны болса да, келген шығын аздау болады», - деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысынан кейін.
Журналист «Үкіметтің осы бағыттағы жұмысын үйлестіретін адам ретінде «келесі жылы елімізде осындай алапат су тасқыны болмайды» деп уәде бере аласыз ба?» деп сұрады.
Қанат Бозымбаев бұл сұраққа нақты жауап бере алмайтынын айтты.
«Оны кім айтады? Алладан сұраңыз... Су тасқыны бола ма, болмай ма? Оны Алладан сұраңыз», - деді премьер-министрдің орынбасары.
Сіздің реакцияңыз қандай?