Әкім сыйлаған арақ бір отбасының түбіне жетті
Азаматқа бір сөмке азық-түлік пен 0,5 литрлік арақ берілген
Павлодар облысында 9 мамыр мерекесінде ауылдық округ әкімі тұрғындардың біріне бір пакет азық-түлік берген, оның ішінде бір бөтелке арақ та болған. Оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, бұл дерек алкоголь өнімдерін заңсыз сату және тарату деректерін анықтау жұмыстары барысында белгілі болған.
Прокурорлар Павлодар облысы ауылдық округінің әкімі «Жеңіс күні» мерекесіне орай тұрғындардың біріне ерекше сыйлық жасағанын анықтады.
«Азаматқа бір сөмке азық-түлік пен 0,5 литрлік арақ берілген. Ол 9 мамырда алкогольге мас күйде үйін өртеп жіберді. Өрт кезінде әйелі үйдің ішінде болған, өрт салдарынан ол көз жұмды«, - деп хабарлады Павлодар ауданы прокуратурасының өкілдері.
Ведомство өкілдері ауыл әкімінің әрекеті моральдық нормаларға қайшы келетінін айтты. Прокуратураның актісі бойынша лауазымды тұлғаға қарсы қатаң сөгіс ретінде тәртіптік жаза қолданылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?