«Әкем мен ағамды іздеу үшін техника мен қайық берілмеді»: Құлсарыда жоғалып кеткендердің жақындары шенеуніктердің жұмысына наразылық білдірді

Тікұшақты сұратқанында полиция әкімдікке, әкімдік ТЖД-ға, ТЖД полицияға сілтепті.

Сәуір 10, 2024 - 12:22
Сәуір 10, 2024 - 12:24
«Әкем мен ағамды іздеу үшін техника мен қайық берілмеді»: Құлсарыда жоғалып кеткендердің жақындары шенеуніктердің жұмысына наразылық білдірді
Фото: ТЖМ

Құлсарыда әке мен бала су астында қалған үйін көрмек болып, із-түссіз жоғалып кеткен еді. Сол отбасының қызы Диана мән-жайды толық сипаттап, іздеу шараларының өте баяу жүріп жатқанын айтты. Ол төтенше жағдайлар министрлігінен жағдайды бақылауға алуды сұрап, әкесі мен ағасын тезірек тауып беруді сұрайды, деп жазады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Ермекбаевтар әулеті 13 сәуірде той тойлап, келін түсірмек еді. Бірақ су тасқынының кесірінен жігіт пен оның әкесі жоғалып, енді отбасы шүберекке жандарын түйіп отыр. 4 күннен бері әкесі мен ұлы табылмай жатыр. 

5 сәуірде Құлсарыда су деңгейі көтеріліп, үйлерді су ала бастаған соң тұрғындарға эвакуациялау туралы хабар берілген. Ермекбаевтар әулеті үйін тастап түнгі 2:00-де Қосшағыл ауылына жол тартқан. Келесі күні 48 жастағы Болатбек Ермекбаев пен 24 жастағы Асылхан Нұржау үйлерін көруге және қаладағы шұғыл шаруаларын тындыру үшін Құлсарыға қайтып барған.

“Сағат 14:00-де №8 мектептің маңына көлігін қойып, екеуі резеңке киім киіп, үй жаққа барған. Содан соң хабарсыз кетті, телефондары өшіп тұрды. Біз алаңдап, жан-жақтан іздестіріп кеттік. Төтенше жағдайлар қызметіне хабарласып, адамдар жоғалғанын хабарладық. 17:00 шамасында отбасымызбен үйдің маңына келдік. Оларды өзіміз қайықпен іздедік, бірақ ағыс қатты болғандықтан, судың арғы бетіне жете алмадық”, – деді жоғалғандардың жақыны.

Диана төтенше жағдайлар қызметі мен полиция департаменті салғырттық танытты деп, олардың жұмысына көңілі толмай отыр. Айтуынша, бастапқы екі күнде іздеу жеткілікті деңгейде жүргізілмей, уақыттары зая кетті.

“Ағам мен әкем жоғалған күні Құлсарыда трактор мінген екі адам да жоғалып кеткен екен. ТЖД қызметкерлерінің бәрі соған кетіпті, менің жақындарым жоғалған жерге ешкім келмеді. Техника мен қайық берілмеді. 112-ге хабарласқан кезде де оларды шақыра алмадық. Сондықтан өзіміз ТЖД бастығымен жолығып, Трэкол көлігін алдырттық. Көлікпен өзіміз іздеуге шықтық, онымен тек үйдің маңын ғана көре алды, жан-жақты іздеген жоқ. Әрі ағыстың кесірінен көлік суда қалқып, жүре алмады. Таңда ТЖД қызметкерлері басқа өтініш келіп түскенін айтып, кетіп қалды. Біз қайтадан ТЖД мекемесіне бардық, басқа көліктерді сұраттық. Мамандар “жанармай жоқ, сол үшін оларды қолдана алмаймыз” деді. Біз өзіміз жанармай табуға әзірміз. Атырау мен Алматыдан құтқару мамандары келіпті, бірақ олар бөгет салып жүрді, ал адам іздейтіндер жетпей жатыр ғой. Еріктілер бөгет салумен айналыса беріп, ал мамандар іздестіру шараларын неге жасамасқа”, – дейді Диана.

Отбасы екі күннен соң журналистерге жолығып, мәселені көтерген. Резонанс тудырғаннан кейін жауаптылар келіпті.

“Полиция қызметкерлері телефондағы локатор көмегімен 1-шағынаудан көрсетіліп тұрғанын айтты. Қазір жақындарымды іздестіруге Азылхан деген маман жауапты. Оның жұмысына қанағаттанамыз, нәтижелі болады деп үміттенеміз, енді төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақ берсе екен деген тілегіміз бар, ол судың бетін толық көруге мүмкіндік береді. Өйткені ағыстың кесірінен жұмыс баяу жүріп жатыр”, – деді қыз. 

Тікұшақты сұратқанында полиция әкімдікке, әкімдік ТЖД-ға, ТЖД полицияға сілтепті. Олар шарасыз отырғандарына шамданып отыр. 

Төтенше жағдайлар министрлігі жағдай бақылауда екенін айтып, адамдарды іздеу жалғасып жатқанын түсіндірді.

“Күні-түні, яғни тәулік бойы іздестіріп жатырмыз, сүңгуірлер арқылы су арасын аралаудамыз. Бірақ бұл шараға тікұшақтың қажеті жоқ, өйткені су терең, судың арасын тексеруіміз қажет”, – деді ТЖМ баспасөз қызметі Stan.kz тілшісіне.

Алайда Диана Нұржау тәулік бойы іздеу жүріп жатыр дегенді жоққа шығарды. Сөзінше, жұмыс 7:30-дан 19:30 аралығында болады. 

Дереккөз: stan.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow